Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Сарыағаш ауданында 300 орындық жаңа мектеп ашылды

АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Д Ферғана ауылында республикалық және облыстық бюджет есебінен салынған 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Сарыағаш ауданында 300 орындық жаңа мектеп ашылды

Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Жаңа білім ордасы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, лингафондық кабинет, интерактивті тақта және оқушыларды еңбекке баулитын арнайы кабинеттер де талапқа сай. Сонымен қатар, мектеп оқушыларының спорттың бірнеше түрімен шұғылдануларына да жағдайлар жасалған. Бүгін 400-ден астам оқушы жаңа білім ошағының табалдырығын аттады.

Айта кетерлігі, бүгінге дейін 4 орта мектеп жұмыс істеп келсе, ауылдың демографиялық табиғи өсімі жоғары болғандықтан білім ошағына деген қажеттілік туындаған.

«Былтыр ауданда жаңадан 6 мектеп іске қосылған болатын. Келесі жылы 9 мектептің құрылысы аяқталып, халық игілігіне беріледі деген жоспар бар. Аудан әкімі Әбдібақыт Мақұлбаевтың айтуынша, аудандағы апатты және үш ауысымда оқытатын мектептердің мәселесі алдағы үш жылда толығымен шешілмек.

Облыс бойынша биыл бірінші қыркүйек күні 22 мектеп есігін айқара ашса, жыл соңына дейін тағы 28 мектеп пайдалануға берілмек.