18:37, 20 Қаңтар 2009 | GMT +5
Сарыарқа ауданы әкімі халық алдында есеп беру кездесуін жалғастыруда
АСТАНА. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі Сәбила Мұстафина Бөкейхан, Кенесары, Әуезов, Бейбітшілік, Желтоқсан көшелері мен Республика даңғылы тұрғындарының алдында есеп берді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жиын қала әкімінің орынбасары Василий Крыловтың төрағалығымен, қалалық ұйымдар басшыларының қатысуымен өтті. С.Мұстафинаның атап көрсеткеніндей, бүгінде ауданда 296 мың 364 адам тұрады. Бүгінде жұмыс істеп тұрған 80 құрылыс және өнеркәсіп орындары өткен жылы қолданыстағы бағамен 46,5 миллион теңгенің өнімін өндірді. Аудан аумағындағы тұрғын үй құрылысына 40929,6 миллион теңге инвестиция тартылды. «Өткен жылы аудан аумағында көпқабатты 13 нысан, әлеуметтік мәдени-тұрмыстық 27 нысан пайдалануға берілді. Сондай-ақ Көктал-1, Көктал-2 тұрғын үй кенттері мен Беляков және Кубрин көшелерінде 240 орынға арналған балабақшалардың құрылыстары жүріп жатыр. 2008 жылы 23 тұрғын үйдің ауласына абаттандыру жұмыстары жүргізілсе, биыл ондай жұмыстар тағы 75 үйдің ауласында жүргізіледі. Сонымен қатар, 485 адамнан тұратын 161 отбасы 12 917 707 теңгеге мекен-жайлық әлеуметтік көмек алды. 2008 жылы төмендетілген бағамен ауыл шаруашылығы өнімдерінің 94 жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 367 млн, 554 мың теңгенің өнімі сатылды», - деп баяндады ол. Әкіммен жүздесуге 200-ден астам адам жиналды. С.Мұстафинаға қойылған сұрақтардың дені зейнеткерлерден болды. Мысалға, «Слободка» ауданының аға буыны сырып тастауға жататын ескі үйлерге берілетін ақшаның мардымсыз болуына, аудан аумағына қаладан шыққан күл-қоқыстардың төгілетініне наразылығын білдірді.