17:27, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Сарыарқа ауданының әкімі «Өндіріс» тұрғын аумағы тұрғындарының алдында есеп берді
АСТАНА. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошунның қатысуымен Сарыарқа ауданының әкімі Сәбилә Мұстафинаның «Өндіріс» тұрғын аумағы халқының алдында есеп беру кездесуі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жиынға сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Сансызбай Есілов, қалалық мәслихаттың депутаттары, коммуналдық қызметтер мен департаменттердің басшылары, ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері қатысты. Барлығы аудан әкімімен кездесуге шағын ауданның 300-ге жуық тұрғыны жиналды. «Өндіріс» тұрғын аумағының негізі 40-50 жылдары Целиноград қаласының кезінде қаланды. Жеке меншік үйлердің дені апаттық күйде болғандықтан олар сырып тасталып, келешекте аталмыш аудан өнеркәсіп аймағы ретінде дамытылатын болады. Бүгінде аумағы 3200 га болатын шағын ауданда 32 мыңнан астам халық тұрады. С.Мұстафина ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, абаттандыру, көгалдандыру мен санитарлық жағдай туралы, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық саланың дамуы, қызмет қөрсету және көлік инфрақұрылымы жайында баяндап берді. Баяндамадан кейін әкім атына сауалдар жолданды. Өз кезегінде аудан басшысы есеп беру кездесу жиындарында айтылған ескертпелер мен ұсыныстар жыл бойына өз шешімдерін табатынына уәде етті.