19:26, 20 Қаңтар 2009 | GMT +5
Сарыбұлақ өзені күл-қоқыс алаңына айналды ? С.Мұстафина
АСТАНА. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Сарыбұлақ өзені бүгінде күл-қоқыс алаңына айналып отыр. Бұл туралы бүгін М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында өткен халық алдындағы есеп беру кездесуінде Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі Сәбила Мұстафина мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аудан басшысы атап көрсеткеніндей, қалдықтар өзенге жақын орналасқан үйлерден және ірі көлемді жүк машиналарымен жеткізілуде. Аудан әкімдігі бұл аймақта тазалық жұмыстарын жүргізу үшін әскери бөлімшелердің көмегіне жүгініп отыр. «Сондай-ақ, көпқабатты үйлердің тұрғындары тұрмыстық қалдықтарды полиэтилен пакеттеріне салып, оны үйдің дәлізіне тастап кетуі де қынжылтады. 2008 жылы санитарлық-гигиена талаптарын сақтамаған 3864 азамат әкімшілік заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Оның 1854-іне жалпы көлемі 15 млн. 106 мың теңге айыппұл салынды. Тағы 2010 адамға ескертулер жасалып, 4853-іне анықталған кемшіліктерді жою туралы жазбаша нұсқамалар жіберілді», - дейді әкім.Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында орналасқан әртүрлі жекеменшік иелерінің 609-ына абаттандыру туралы ережені бұзғаны үшін жалпы сомасы 14 млн. 549 мың теңгеге айыппұл салынды. Қазір сотта 569 ұйғарым орындалу үстінде жатыр.