Сәтбаев «Балалармен тату қала» бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін ҚР қалаларының алғашқы саммитіне қатысады
ҚАРАҒАНДЫ. 12 қараша. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысына қарасты Сәтбаев қаласының өкілдері 18-20 қараша күндері Павлодарда өтетін «Балалармен тату қала» бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін қалалардың бірінші республикалық саммитіне қатысатын болды,
деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Қазақстан адам құқықтары жөніндегі көптеген халықаралық құжатқа мүше мемлекет болғандықтан, құжаттардағы ұстанымдарды орындауға, әсіресе, балалар құқығының қорғалуына көмектесуге міндетті. Сәтбаев қаласының ЮНИСЕФ-тің «Балалармен тату қала» бағдарламасына қосылуы отбасы және балалар институтының дамуына, жергілікті саясаттың жетілуіне айтарлықтай үлес қосуға мүмкіндік береді», - деп аталып өтілген қала әкімдігі баспасөз қызметінің таратқан ақпаратында.
Сондай-ақ жақын арада Сәтбаев қаласында балалар мен жастардың алғашқы форумын өткізу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде балалар мәслихаты ұйымдастырылған. Балалар мен қала әкімінің кездесуін дәстүрге айналдыруға да уәде етілген.