Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Сәтбаев қаласында баланы қағып кетіп, ізін суытқан жүргізуші ұсталды

ҚАРАҒАНДЫ. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында 8 жастағы қыз баланы қағып кетіп, оқиға орнынан ізін суытқан 28 жастағы жүргізуші қолға түсті.

Сәтбаев қаласында баланы қағып кетіп,  ізін суытқан жүргізуші ұсталды

Бұл туралы аймақтағы ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

«29 мамыр күні сағат 21.05-те Сәтбаев қаласынан 1,5 шақырым жерде Жезқазған-Сәтбаев тас жолында жол-көлік апатының белгілерімен 8 жастағы қыз баланың мәйіті табылды. Сәтбаев қалалық ІІБ жол полициясы бөлімі қызметкерлерінің жедел іздестіру шараларының барысында Ұлытау көшесіндегі гараждар маңында «Мерседес Бенц-280» көлігінің тізгінінде отырған 28 жастағы жігіт құрықталды», - деп көрсетілген хабарламада.

Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. ЖКА бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары қолға алынды. Жүргізуші өз кінәсін мойындап отыр.