Сәтбаевтағы қара қар. Экология департаменті себебін анықтады
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың 8 қаңтарынан бастап әлеуметтік желілерде Сәтбаев қаласының тұрғындарының қара қар туралы хабарламалары тарай бастады, деп хабарлайды Экологиялық реттеу және бақылау комитеті.
Экология департаментінің қызметкерлері бұл құбылыстың себептерін анықтад.
— Оның көзі — «Kazakhmys Distribution» ЖШС жылу электр станциясы қазандықтарынан тазарту қондырғылары арқылы атмосфераға толық тазартылмай енетін ластаушы заттардың шығарындылары, — делінген ведомство хабарламасында.
2024 жылы Ұлытау облысы бойынша экология департаменті осыған ұқсас факті бойынша «Kazakhmys Distribution» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тексеру жүргізген болатын. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтар үшін 42,9 млн теңге айыппұл салынып, бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылды.
2025 жылдың 21 қаңтарынан бастап Экология департаменті «Kazakhmys Distribution» ЖШС қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізуде.
— Қазір мамандар ЖЭО-ның шығарынды көздерінен әрі қарай талдау үшін сынама алып жатыр. Анықталған бұзушылықтар және қабылданған шаралар туралы ақпарат тексеру аяқталғаннан кейін беріледі, — делінген хабарламада.
Еске салсақ, қаңтардың басында Сәтбаев қаласы түтін мен күйенің астында қалғаны анықталды.