Сатыбалды Дәулеталин көмір генерациясын дамытуда назарда ұсталуы тиіс қағидаттарды атады

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетикалық қауіпсіздік және көмір генерациясын дамыту ұлттық төзімділік мәселесі. Мұндай пікірді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин білдірді.

Сатыбалды Дәулеталин ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы
Фото: Сатыбалды Дәулеталиннің жеке мұрағатынан

— Энергетикалық қауіпсіздік және көмір генерациясы — бұл тұрақтылық, жұмыс орындары және өңірлердің болашағы туралы мәселе. Біз Президенттің энергетикалық өзін-өзі қамтамасыз етуді нығайту және көмір генерациясын стратегиялық бағыт ретінде дамыту қажеттілігі туралы ұстанымын қолдаймыз. Қазақстан үшін бұл ұлттық төзімділік мәселесі. Сенімді энергиясыз өнеркәсіп те, жаңа өндірістер де, цифрлық экономика да, өмір сүру сапасы да болмайды, — деді федерация басшысы.

Бірақ ол назардан тыс қалдыруға болмайтын бірнеше маңызды қағидат бар екенін айтады. Біріншісі — еңбек қауіпсіздігі және еңбек жағдайлары.

— Көмір саласы мен энергетика еңбекті қорғаудың, өнеркәсіптік қауіпсіздіктің, жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алудың ең қатаң стандарттары бойынша жұмыс істеуі тиіс, — деді ол.

Федерация төрағасы екінші қағидат ретінде жаңғырту және технологияларды атады. 

— Егер көмір стратегиялық актив болса, демек ол ақылмен пайдаланылуы керек. Заманауи экологиялық шешімдермен, зиянды шығарындыларды азайтумен және өндірістік қуаттарды жаңартуға нақты инвестициялар салумен сүйемелденуі тиіс, — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Оның пайымынша, үшінші қағидат — әлеуметтік жауапкершілік.

— Көмір генерациясының артында қалалар мен адамдардың тағдыры тұр. Жаңғыртудың шығындары мен зардаптары жұмысшылар мен өңірлердің иығына түсуіне жол беруге болмайды. Лайықты жалақы, әлеуметтік бағдарламалар, кадрлар даярлау, кәсіптік оқыту, еңбек ұжымдарын медициналық және әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылуы тиіс. Бұл ретте кәсіподақтар сырттай бақылаушы емес, осы ауқымды жобаларды іске асыру аясында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуде және жұмысшылардың құқықтарын қорғауда толыққанды қатысушы болуға дайын, — деді ол.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайтың V отырысында Үкіметке 20 наурызға дейін көмір өндірісін дамытудың ұлттық жобасын бекітуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар