«Сатқындардың саяси соғысы» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 4 қазан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 4 қазан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Кеше «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында сайлауалды тұғырнаманың 2013 жылғы бірінші жартыжылдықта іске асырылуы мен аймақтарда Саяси доктрина жобасын талқылау жұмыстарын қорытындылаған мәжіліс өтті. Осы алқалы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Міндет орындалуымен құнды» деген тақырыппен берілген. Кездесу кезінде оған қатысушы Үкімет мүшелері, партия кураторлары - Парламент Мәжілісінің депутаттары сайлауалды тұғырнаманың 2013 жылғы бірінші жартыжылдықта орындалу барысын талқыға салды. «Бізге съезд жобаларын нақты іске асыру бағытында шаралар бағдарламасын дайындауды қамтамасыз етуіміз керек. Партияның сайлауалды тұғырнамасында берілген уәделеріміздің орындалу­ барысын жүйелі тексеру істе­рін қамтамасыз ету өте ма­ңызды», деген Төрағаның бі­рінші орынбасары Б.Бәйбек Доктрина қабылданғаннан кейін партия­ның барлық стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының «Қазақстан-2050» Стратегиясымен үйлесуі қажет­тігіне мән берді.

Күні кеше ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған Елбасының «Абылай аңсаған азаттық» атты мақаласы - елдік сананы дүр сілкіндірген елеулі еңбекке айналды. Мәселен, газет редакция­сына Шығыс Қазақстан облысындағы ардагерлер атынан келіп түскен хат осының бір дәлелі. Осы аймаққа аты белгілі аға ұрпақ өкілдері Бошай Кітапбаев, Хафиз Матаев, Нәсен Сембаев, Қанипа Бітібаева, Геннадий Бердюгин, Фрунзе Жақсылықов, Әзімхан Сәдуақасов, Анатолий Еременко, Арап Еспенбетов, Гүлбарам Етекбаева Мемлекет басшысының жоғарыда аталған мақаласына үн қосады. Онда: «Абылайдай даңқты тұлғаның ел егемендігі үшін атқарған абыройлы саяси-дипломатиялық қызметі кешегі қысылтаяң шақта ескерілмеді. Ел егемендігін алған тұста ғана тарих ақтаңдақтарының беті ашыла бастады. Абылайдың Қазақ елінің егемендігін сақтап, шекарасының бүтіндігіне нұқсан келтірмеу жөнінде Аспанасты елі мен Ресей империясы сынды алпауыт мемлекеттер арасында жүргізген салиқалы саясаты бүгінгі ұрпақ жадында мәңгіге сақталуы тиіс. Себебі, соның арқасында Алтай мен Атырау, Қаратау мен Қызылжар аралығындағы ұлан-ғайыр атырап бүгінгі ұрпаққа аманат болып жетті. Ең бастысы - халқымыз бұның барлығына береке-бірліктің арқасында ғана қол жеткізуге болатындығын жете түсінуі тиіс», - делінген. Үн қату «Аталы сөзге алғыс айтамыз» деген тақырыппен бірлген.

***

Екінші дүниежүзілік соғыстың аласапыран жылдарында қаншама адамның өмірі қиылды. «Батыр бір оқтық», талай боздақтар елі үшін, отан үшін басын оққа байлады. Ал шыбын жанын сақтап қалу үшін тағдырын тәлкекке айналдырып, Отанын сатқан опасыздар қаншама? Сатқындар жауға да жексұрын, жиіркенішті көрінетіні белгілі. Немістер оларды ең қиын, ең абыройсыз жұмыстарға салды, өз еліне қарсы соғысқа пайдаланды. Осы жайт егжей-тегжейлі талқыланған мақала «Айқын» газетінің бүінгі санында «Сатқындардың саяси соғысы» деген тақырыппен беріліп отыр. Мысалы, басылымның жазуынша, 1942 жылы маусымда Волхов майданы қолбасшысының орынбасары, генерал-лейтенант А.Власов фашистер жағына өтіп, қолға түскен кеңестік жауынгерлерден большевиктерге қарсы соғысатын армия жасақтады. 1942-1945 жылдар арасында КСРО-ға қарсы соғысқан Орыс азат ету армиясы (ОАА) осылайша құрылды. Оны «власовшылар» деп атады. Ұлы Отан соғысы кезінде өзімізге қарсы соғысқан отандастарымыздың саны миллионнан астам болды. «Осындай Отанын сатқан жоғары лауазымды қолбасшылардың бірі, Қазақстанда ұзақ жылдар қызмет еткен НКВД-шы Иван Бессонов болды. Дивизия командирі Иван Бессонов немістердің қолына 1941 жылдың тамызында түседі. Фашистер оны алғашында Сталинге қарсы «марксистік партияның» басына қояды. Кейіннен Бессонов ГУЛАГ лагерьлерінде көтеріліс ұйымдастыратын операцияларды жоспарлап, басқарды. Онымен бірге 6-армия штабы бастығының орынбасары болған полковник М.Меандров, 171 атқыштар дивизиясының командирі болған генерал-майор А.Будыхолар да фашистерге қызмет етті», - деп жазады басылым.

Осы басылымда «Әлем әдебиеті» журналының бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Думан Рамазанмен арадағы сұхбат «Абылайдай асқақ тұлғаға ешқандай күйе жұқпайды!» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің «Жалпы, Абылай ханның шыққан тегіне байланысты да қарама-қайшы ой-пікірлер бар. Төре тұқымынан емес, қарадан шыққан деген де әңгімелер айтылып қалып жүр. Сіз бұған қалай қарайсыз?», деген сауалына жауаап берген ол: «Ондай ой-пікірлердің бар екені рас. Мен оған сенбеймін. Абылай ханның төре тұқымынан екені даусыз. Қанішер Абылайдың немересі, Көркем Уәлидің жалғыз ұлы. Ал қалған әңгімелердің бәрі бос сөз. Сонда не, сол кездегі қазақтың жақсы-жайсаңдарының бәрі ақымақ болыпты да, қазіргі бүйректен сирақ шығарғысы келетіндер ғана ақылды болғаны ма?! Егер оның айтқаны өтірік болса, сөзіне сене қалатын халық ақымақ дейсіз бе?! Сол кезде де небір данышпан адамдар болған. Меніңше, бұл бір дауға айналдыратындай мәселе емес. Шыққан тегінің де соншалықты маңызы жоқ. Маңыздысы, Абылай ханның қазақтың ұлы ханы болып, ұлы істер тындырғаны», - дейді.

***

«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында жарияланған «Полцарства за глоток» деген тақырыптағы мақала қазақстанда өндірілген сыраның Ресейдің Магнитогорск қаласында төтенше танымалдығы жайында кеңінен баяндайды. Осы спирттік сусынға деген махаббаттарын баса алмаған 3 жасөспірімдерін өз бостандықтарына қауіп төнетіндігіне де қарамастан қылмысқа барды. «Магнитогорскіде тапа-тал түсте «Островок Казахстана» дүкендер желісінің бірі тоналды. Ұрыларды сауда сөрелеріндегі самсаған заттардың ішінен тек «Казахское» деген атаудағы сыраның 1 жәшігі ғана қызықтырған. Дәл осы сыраға бұл қалада ынтық болғандар көп. Ал ол қалада бірнеше дүкенде ғана сатылады», - деп жазады басылым.

Соңғы жаңалықтар