Сауалнама: Ата-аналардың мектептегі тамақ сапасына көңілі тола ма

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік мектептерде оқитын балалардың ата-аналарының 53%-ының ғана мектептегі тамақтану сапасына көңілі толады. Ата-аналардың 20%-ынан астамы берілетін тамақ порциясы тым аз деп санайды. Бұл туралы «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының мемлекеттік мектептердегі тамақ сапасына қатысты әлеуметтік сауалнамасында айтылған.

Школьная столовая Мектеп асханасы
Фото: Адлет Беремкулов/ Kazinform

14 қазан-14 қараша аралығында жүргізілген сауалнамаға елдің әрбір аймағынан 10 мың ата-ана қатысқан. Нәтижесінде мектептегі тамақ сапасына көңілі толатындардың үлесі көп емес: ата-аналардың 45%-ы мектеп асханаларында берілетін тамақтың сапасын жақсы, ал 8%-ы — өте жақсы деп бағалаған. 25%-ы — қанағаттанарлық десе, 10%-ы — өте нашар деп жауап берген. Ал 12%-ы «нақты жауабым жоқ» деген нұсқаны таңдаған.

Әсіресе, қалалық мектептердегі тамақ сапасы ата-аналарды анағұрлым алаңдатады: балалары қала мектебінде оқитын ата-аналардың 37%-ы ғана тамақ сапасын жақсы деп бағаласа, бұл көрсеткіш ауыл мектептерінде 60%-ды көрсеткен. Қала мектебінің асханасында берілетін ас сапасын 17% ата-аналар «дәмсіз, нәрсіз» десе, ауылдық жердегі ата-аналардың тек 7%-ы мектептегі тамақ сапасы «нашар» деп жауап берген.

Мектеп тамағына ата-аналардың көңілі толмауының негізгі себебі — мәзірдің біркелкі болуы, қатысушылардың 33%-ы мәзірде алуан түрлі ас таңдау мүмкіндігі жоқ, үнемі бір тағам деп санайды. Сондай-ақ, ата-аналардың 27%-ы азық-түлік мерзіміне қатысты проблема бар деп есептейді.

Бала есейген сайын мектеп тамағына көңілі толмайтын ата-аналар саны да артады. Бұл ең алдымен, порция мөлшеріне қатысты. 1-4 сынып оқушылары ата-аналарының 17%-ы, 5-11 сынып оқушылары ата-аналарының 31%-ы порция мөлшеріне көңілі толмайтынын көрсеткен. Бұл бала өсе келе мектептегі тамаққа тоймайды деген сөз (тамақтану нормативтерінде балаға қажетті ас мөлшерінің жыл сайын артатыны ескерілмеген). Бала есейген сайын мектеп асханасында сирек тамақтанады (бастауыш сыныптағы балалардың 95%-ынан астамы күн сайын мектепте тамақтанса, орта буында бұл көрсеткіш — 63%, жоғары сыныпқа көшкенде — шамамен 59%).

«Біздің әлеуметтік мониторингке қатысып, сауалдарға жауап берген әрбір үшінші ата-ана (35%-дан астамы) мектеп асханасына қоғамдық бақылау орнату жұмысына қатысуға әзір. Бұл әрине, мектептердегі тамақ сапасын түзеуге мүмкіндік беретін жайт. Біздің қоғамдық қор елдің барлық өңіріндегі мектеп асханаларын тексеріп жүр, бұл істі жалғастыра да береді. Қор үш тараптың, яғни ата-ана, мектеп әкімшілігі мен жергілікті жауапты органдардың жұмысын үйлестіруге де ниетті», — деді «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының директоры Дана Рысмұхамедова.

Сауалнамаға қатысушылардың 55%-дан астамы бала денсаулығына мектептегі тамақтың тікелей әсері бар деп санайды. 

Әлеуметтік мониторинг нәтижесі бойынша, қор мектептегі тамақтану сапасын арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді. Сондай-ақ, Қазақ тамақтану академиясымен бірлесіп мектеп мәзірін жақсарту жөнінде ұсыныстар жасап, оқу-ағарту министрлігіне жолдамақ.

Еске салсақ, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында мектеп асханасындағы тамақ сапасын арттыру бағытындағы ұстанымдарын айтқанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар