Бразилияда 10 жасөспірімнің төртеуі мектептегі буллингке ұшырайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бразилияда 13 пен 17 жас аралығындағы мектеп оқушыларының шамамен 40 пайызы мектептегі қорлау мен әлімжеттікке (буллингке) тап болғанын айтқан. Ал осы жас тобындағы оқушылардың 27,2 пайызы кемінде екі немесе одан да көп рет қорлау жағдайын бастан өткерген, деп хабарлайды AgenciaBrasil ақпарат агенттігі.

Бразилияда 10 жасөспірімнің төртеуі мектептегі буллингке ұшырайды
Фото: Sam Balye / Unsplash

Апта басында жарияланған бұл мәліметтер 2024 жылы Бразилия мектептерінде жүргізілген сауалнама нәтижелеріне негізделген. Зерттеуді елдің мемлекеттік статистика агенттігі – Brazilian Institute of Geography and Statistics (IBGE) Ұлттық мектеп оқушыларының денсаулығын зерттеу (PeNSE) аясында өткізген.

2019 жылғы алдыңғы зерттеумен салыстырғанда, буллингке ұшырағанын айтқан оқушылар үлесі 0,7 пайыздық тармаққа артқан. Ал мұндай жағдайды кемінде екі рет бастан өткергендердің көрсеткіші 4 пайыздық тармақтан астам өскен.

Зерттеу жетекшісі Марко Андреаццидің айтуынша, бұл көрсеткіштер мектептегі зорлық-зомбылықтың қайталану жиілігі артып келе жатқанын аңғартады.

– Буллингтің өзі қайталанатын, жүйелі құбылыс ретінде сипатталады. Қазір біз оның өсу үрдісін көріп отырмыз. Бұл оқушылардың қайталанатын психологиялық қысымға жиірек ұшырай бастағанын көрсетеді, – деді зерттеу жетекшісі.

Оның айтуынша, буллингке ұшырайтындар саны айтарлықтай өзгермегенімен, мұндай жағдайлардың жиілігі мен қарқындылығы күшейген.

Буллингтің басты нысаны: сырт келбет пен нәсіл

Зерттеу нәтижесі бойынша, қорлаудың негізгі себептері ретінде оқушылар көбіне бет-әлпет ерекшеліктері мен шаш үлгісін атаған. Бұл барлық жағдайдың 30,2 пайызын құрайды.

Одан кейін сыртқы келбетке қатысты мазақтау – 24,7 пайыз. Ал тері түсі немесе нәсіліне байланысты қорлау жағдайлары 10,6 пайыз болған.

Сонымен қатар оқушылардың 26,3 пайызы өздеріне не үшін қысым көрсетілгенін білмейтінін айтқан.

– Көп жағдайда жәбірленуші буллингтің нақты себебін түсінбейді. Себебі мұндай қысым көбіне ұжымдық түрде жасалады, ал құрбан оның себебін анық көрмеуі мүмкін, – деді Марко Андреацци.

Қыздар көбірек зардап шегеді

Зерттеу қыз балалардың буллингке жиі ұшырайтынын көрсетті. Қыздардың 43,3 пайызы мектепте қорлауға тап болғанын айтса, ұлдар арасында бұл көрсеткіш 37,3 пайызды құраған.

Сондай-ақ жасөспірім қыздардың 30,1 пайызы қатарластарының мазағына кемінде екі рет ұшырап, өзін қорланғанын сезінгенін жеткізген. Бұл ұлдарға қарағанда шамамен 6 пайыздық тармаққа жоғары.

Еске сала кетсек, Жамбыл облысында оқушылар буллингіне қатысы бар үш ата-анаға айыппұл салынғанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар