Сауд Арабиясында қажылыққа заңсыз қажыларды апарғаны үшін алты адам ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Қажылыққа қатысты қатаң ережелерді айналып өту әрекеті бірнеше адамның ұсталуына, ірі айыппұлдарға және мүмкін болатын түрме жазасына алып келді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Сауд Арабиясының Ішкі істер министрлігі сейсенбі күні қажылық ережелерін бұзған алты азаматтың ұсталғанын хабарлады. Олар қажылық жасауға ресми рұқсаты жоқ 20 адамды Меккеге заңсыз кіргізуге әрекеттенген.
Ұсталғандар қажылық маусымында тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Мекке қаласына кіреберістерде қауіпсіздік күштерінің күшейтілген шаралары аясында қолға түсті.
Министрлік шешіміне сәйкес, ереже бұзушыларға 100 мың сауд риялына (шамамен 13,6 млн теңге) дейін айыппұл салынуы мүмкін. Сонымен қатар, айып тағылған жағдайда түрме жазасы да қарастырылған.
Билік заңсыз тасымалдау үшін пайдаланылған көліктерді тәркілеуге және рұқсатсыз қажылық жасауға талпынған адамдардан қосымша 20 мың риялға (шамамен 2,7 млн теңге) дейін айыппұл өндіріп алуға шешім шығарды.
Министрлік ереже бұзушылардың аты-жөндерін жариялап, оқиғаға қатысы бар шетел азаматтарын жаза мерзімі аяқталған соң депортациялап, оларға 10 жылға дейін Сауд Арабиясына қайта кіруге тыйым салуды тапсырды.
Ведомство барлық азамат пен тұрғынды қажылыққа қатысты бекітілген ережелерді қатаң сақтауға шақырды, бұл қажылардың қауіпсіздігі мен амандығын қамтамасыз ету үшін қажет.
Сейсенбі күні Сауд Арабиясының билігі қажылыққа қатысу үшін елге 1,1 миллион адамның келгенін хабарлады.
Айта кетелік Сауд Арабиясы қажылық ережелерін бұзғандарға қатаң айыппұлдар енгізгені туралы хабарлаған едік.