Сауд Арабиясындағы сұңқар аукционында 8,8 млн доллардан астам қаржыға құс сатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясында өткен Халықаралық сұңқар өсірушілер аукционында жалпы сатылым көлемі 33 млн риалдан (8,8 млн доллар) асты. Бұл туралы елдің Ұлттық Сұңқар орталығы мәлімдеді.

Сауд Арабиясындағы сұңқар аукционында 8,8 млн доллардан астам қаржыға құс сатылды
Фото: Сауд Арабиясы ұлттық сұңқар орталығы

5–25 тамыз аралығында Эр-Риядтың солтүстігіндегі Малхам елді мекенінде өткен аукционда 2 200-ден астам сұңқар сатылды. Шараға әлемнің 24 елінен 90-нан астам сұңқар өсіру фермасы қатысты.

Аукцион барысында әртүрлі тұқымдағы және асыл тұқымды желілерден шыққан сұңқарлар ұсынылды. Іс-шараға Сауд Арабиясы мен шетелден сұңқар өсірушілер, кәсіби сұңқаршылар, сатып алушылар және осы өнерге қызығушылық танытқан адамдар жиналды.

Биылғы аукционда ең қымбат құс 1,3 млн риалға сатылды. Бұл — үш ширек гир сұңқары. Ол биылғы шарадағы ең жоғары бағаға сатылған құс атанып қана қоймай, аукцион тарихындағы ең қымбат сұңқарлар арасында екінші орынға шықты.

Сауд Арабиясындағы сұңқар аукционында 8,8 млн доллардан астам қаржыға құс сатылды
Фото: Сауд Арабиясы ұлттық сұңқар орталығы

Ұлттық Сұңқар орталығының бас директоры Талал Әл-Шумайси аукционның соңғы алты жылда айтарлықтай дамып, халықаралық деңгейдегі маңызды алаңға айналғанын атап өтті.
Оның айтуынша, шара жергілікті сұңқар өсірушілерге шетелдік әріптестерінің тәжірибесімен танысып, халықаралық нарықтағы сұранысты жақсырақ түсінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар аукцион сауда-саттық жүргізуге және сала мамандары арасында тәжірибе алмасуға жағдай жасады.

21 күнге созылған шара барысында 12 аукцион кеші ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, келушілерге сұңқаршылыққа арналған құрал-жабдықтар ұсынылып, жастарға арналған «Болашақ сұңқаршы» аймағы, танымдық бағдарламалар мен семинарлар өткізілді.
Аукцион аясында сұңқар жарыстарындағы допинг мәселесіне де назар аударылды. Ұлттық Сұңқар орталығы Сауд Арабиясының Допингке қарсы комитетімен бірлесіп, жарыстарда тыйым салынған заттар және допинг-тестілеу тәртібі бойынша семинар өткізді.
Сондай-ақ Ұлттық жабайы табиғат орталығымен бірге Сауд Арабиясында сұңқар өсіру орталықтарын лицензиялау талаптары мен рәсімдеріне арналған семинар ұйымдастырылды.

Ұлттық Сұңқар орталығы алдағы уақытта аукционды одан әрі дамытып, сұңқар өсірушілер мен сұңқаршыларды қолдауды және елдің дәстүрлі сұңқаршылық мәдениетін сақтауды жалғастыратынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Сауд Арабиясында сұңқар рекордтық 472 500 долларға сатылғанын хабарлаған едік.