Сауд Арабстанының делегациясы Ақтөбеде жүр
АҚТӨБЕ. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Сауд Арабстанының делегациясы Ақтөбеде жүр, бұл сапарды Мемлекет басшысының Оңтүстік-Азия мен Таяу Шығыстан елге инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Қазақстанның Сауд Арабстанындағы Елшілігі ұйымдастырды.
Бүгін Ақтөбе облысының әкімдігінде шетелдік делегация аймақтың кәсіпкерлер өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Делегация құрамында 4 адам, олардың арасында Сауд Арабстаны сауда-өнеркәсіп палатасы кеңесінің комиссия мүшесі Мәджид Әл-Хамис, «Шанавани трейдинг компани» басшысы Наураз әл-Шанавани бар, олар «Батыс» ӘКК төрағасы Андар Шоқпытовпен кездесті, облыс әкімі Елеусін Сағындықовпен кездесу жоспарлануда.
Бүгін кәсіпкерлермен кездесуде қонақтарға Ақтөбе облысының жобалары мен инвестициялық мүмкіндіктері туралы бейнематериал көрсетілді. Өз кезегінде Сауд Арабстанының өкілдері Ақтөбе облысына сапарларының негізгі мақсаты ? аймақтың ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктерімен танысу екендігін айтты.
Сауд Арабстаны сауда-өнеркәсіп палатасы кеңесінің мүшесі Мәджид Әл-Хамистің айтуынша, Сауд Арабстаны соңғы жылдары өздерінде ауыл шаруашылығын дамытып отырған жоқ, олар басқа елдерде азық-түлік өндірісіне инвестициялар салуды жоспарлап отыр. «Бұл орайда Қазақстан ? өте ыңғайлы ел». Делегация өкілі Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы барлық жинақталған ақпарат сауд кәсіпкерлеріне берілетінін атап өтті.