Сауда драйверіне айналған Астанада базар инфрақұрылымы жаңартуды қажет етеді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін қалалық мәслихатта «Жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру жөніндегі жұмысының жай-күйі: проблемалары, себептері және шешу жолдары туралы отырыс өтті.
Тыңдауда Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов баяндама жасап, елордадағы сауда саласының қазіргі ахуалы мен даму перспективаларына тоқталды.
Оның айтуынша, сауда секторы қала экономикасының негізгі драйверлерінің бірі саналады. Бұл сала жалпы өңірлік өнімнің 22 пайызын құрап отыр. Соңғы жылдары жылдық өсім орта есеппен 10 пайыз. 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында сауда көлемі 5,5 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,2 пайызға өскен.
— Саудадағы өсімге әсер етіп отырған негізгі факторлардың бірі — электрондық коммерция. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Астанада онлайн сауда көлемі 196 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бойынша елорда Алматыдан кейінгі екінші орында, — деді Халел Әкімжанов.
Басқарма басшысының айтуынша, сыртқы сауда айналымы да оң өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 7,2 млрд АҚШ долларын құрамақ. Оның ішінде 4,4 млрд доллар — экспорт, ал 2,8 млрд доллар — импортқа тиесілі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға жоғары.
Сондай-ақ қалада азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде базарлардың жағдайы маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда елордада 25 базар жұмыс істейді. Алайда олардың бір бөлігі заңнама талаптарына сәйкес жаңғыртуды қажет етеді.
— Шанхай, Сарыарқа, Алаш, Шарын, Ұлжан, Алтай және Орталық базарлар — жаңарту бағдарламасына енгізілген. Сонымен қатар инвестиция көлемі 11 млрд теңгені құрайтын Эталон құрылыс нарығын қайта жаңғырту жоспарланған. Сараптамалар жүргізіліп, тиісті келісімдер алынғанымен, жер және санитарлық нормалардың бұзылуы, инфрақұрылым мен қаржыландыру тапшылығы секілді мәселелер бар, — деді басқарма басшысы.
Әкімжановтың мәліметінше, Алаш және Шарын базарларында жерді рұқсатсыз пайдалану, жолаушылар автобустарының рұқсатсыз орналастырылуы сияқты заң бұзушылықтар анықталған. Сонымен қатар базарларда жұмыс істейтін кәсіпкерлер міндетті сақтандырумен толық қамтылмаған.
— Міндетті сақтандыруға қатысты мәселе Биг Шанхай базарында соңғы екі айда туындады. Қазіргі уақытта бұл мәселені шешу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Базарда кәсіпкерлер өз қызметін жалғастыруда. Банктермен бірлесіп бірқатар шаралар қабылданып, кәсіпкерлердің несиелері 6 ай мерзімге шегерілді, — деп түйіндеді баяндамасын Халел Әкімжанов.
Бұған дейін, Азық-түлік тапшылығы тәуекелін анықтаудың әдісі енгізілетінін жазғанбыз.