Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Сауда министрі тұтынушыларға сенімді маркетплейстерді таңдауды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық тұтынушылар тауарды онлайн сатып алу кезінде сенімді маркетплейстерді таңдауы қажет. Бұл туралы Үкіметтегі брифинг барысында журналистердің сұрағына жауап берген ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлім етті.

Шаққалиев
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Министрдің айтуынша, сатып алушылар ең алдымен тауардың бағасына мән береді. Алайда нарықтағы бағадан айтарлықтай төмен ұсыныстарға сақтықпен қарау қажет, себебі мұндай жағдайлар алаяқтық тәуекелін арттыруы мүмкін.

– Сатып алушылар, әрине, тауар құнына қарайды. Бірақ мұнда маңызды мәселе бар кейде нарықтағы бағадан айтарлықтай төмен баға әрдайым сұрақ туындатады. Осындай жағдайда түрлі алаяқтық фактілері де кездеседі, – деді Арман Шаққалиев.

Министр қазақстандықтарға сенім тудыратын және тауардың жеткізілуіне кепілдік беретін маркетплейстерді таңдауға кеңес берді.

– Менің кеңесім қарапайым: өздеріңізге сенім ұялататын маркетплейстерді таңдаңыздар. Әрине, жалпы жағдайды бақылап отыру қажет. Біз бәріміз сауатты әрі ақпараттандырылған тұтынушымыз. Сондықтан сізге кепілді тауар ұсынатын, өзіміздің отандық алаңдарды таңдаған дұрыс. Бұл жағдайда тұтынушы ретінде сіз тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға сәйкес көбірек қорғаласыз, – деді министр.

Бұған дейін отандық тауарларды ілгерілету үшін 50 меморандумға қол қойылғанын жазғанбыз.