Сауда министрлігі: АҚШ тарифтері Қазақстан экспортының 4,8%-ына ғана әсер етеді

АСТАНА. KAZINFORM — Сауда және интеграция министрлігі АҚШ-тың қосымша тарифтерін енгізу мәселесі бойынша түсініктеме жасады.

Что пишут мировые СМИ о Казахстане
Коллаж: Canva

Министрліктің мәліметінше, Қазақстан АҚШ тарапынан қосымша тарифтер енгізу мәселесіне байланысты келіссөздерді жалғастырып жатыр. Осы үдеріс аясында биыл маусым айында ҚР Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері АҚШ тарапымен екіжақты кездесу өткізді. Қазақстан АҚШ-қа өзара тиімді сауда ынтымақтастығын дамыту, тауар жеткізу тізбектерін тұрақты сақтау және нарыққа әділ қол жеткізу шарттарын қамтамасыз ету мәселелерін қамтитын ресми ұсыныс жолдады. Бұл ұсыныс АҚШ президенті Д. Трамптың 2025 жылғы 2 сәуірдегі Жарлығы мен оған енгізілген кейінгі өзгерістерді ескере отырып әзірленген.

— Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық қатынастар бойынша кеңейтілген екіжақты диалог аясында ұсынылған бастамаларды жан-жақты қарастырып отыр. Қазақстан тарапы сындарлы ынтымақтастыққа бейіл екенін растайды. Қарсы тарап та келіссөздерді жалғастыруға ашық. Бұл өз кезегінде өзара тиімді әрі екі елдің мүдделеріне сай келетін шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұған дейін хабарланғандай, енгізілген тариф шаралары АҚШ-қа Қазақстаннан жеткізілетін жалпы экспорт көлемінің небәрі 4,8%-ына ғана әсер етеді, ал қалған 95,2%-ы жаңа кедендік баждан тыс қалады. Қазіргі уақытта Қазақстан АҚШ-қа мұнай, уран, күміс, ферроқорытпалар, тантал, титан, бериллий және өзге де өнім түрлерін экспорттайды. Бұл өнімдердің басым бөлігі жаңа тарифтік реттеуге жатпайды және шектеусіз экспортталып жатыр, — деп түсіндірді ведомство.

Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі атап өткендей, жаңа тарифтердің ықпалы сары фосфор, ферросилиций, линзалар, бидай глютені және аммоний нитраты сынды тауарларға тиеді.

Айта кетейік, 2025 жылдың бірінші жарты жылдығында АҚШ-қа сары фосфор экспорты 2,2 мың тоннаны құрады (жалпы өндіріс көлемі 43 мың тонна). Ферросилиций бойынша экспорт көлемі 1 482,6 тонна (жалпы өндіріс 41 830,1 тонна). Аммоний нитраты (аммиак селитрасы) бойынша АҚШ-қа тасымал жоқ, 2025 жылға экспорт жоспарланбаған. Бидай глютені (глютен) бойынша 2025 жылдың алғашқы алты айында АҚШ-қа 6 500 тонна өнім жөнелтілді (шамамен 8,12 млн АҚШ доллары).

Осыдан бұрын 7 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатты жариялап, АҚШ-тың 1 тамыздан бастап Қазақстаннан келетін барлық импортқа 25 пайыздық кедендік баж салығын енгізетінін хабарлады.

Бүгіннен бастап Трамп бірқатар елге, соның ішінде Қазақстанға да жаңа кедендік баж салығын енгізді.

Тізімде 70-ке жуық мемлекет пен Еуропалық Одақ аталған. Импорттық баж салығының көлемі 10-нан 41 пайызға дейін өзгереді. Ең жоғары тарифтердің кейбірі Сирияға (41%), Лаос пен Мьянмаға (40%) және Швейцарияға (39%) белгіленген. Қазақстан үшін бұл көрсеткіш 25 пайыз.

Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин АҚШ-тың Қазақстан экспортына енгізген баж мөлшерлемесі туралы пікір білдірді.

Соңғы жаңалықтар