Қазақстан аспанында шетелдік екі ұшақ соқтығыса жаздады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның әуе кеңістігінде шетелдік екі ұшақтың қатысуымен болған елеулі авиациялық оқиғаға байланысты Көлік министрлігінің көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру департаменті түсініктеме берді.

самолет, рейс, ұшақ
Фото: Александр Павский / Kazinform

Ведомство мәліметінше, оқиға 10 қаңтар күні таңертең Шымкент өңірлік диспетчерлік орталығына қарасты аймақта тіркелген.

– 2026 жылғы 10 қаңтарда Астана уақытымен шамамен сағат 05:42-де Шымкент өңірлік диспетчерлік орталығының А2И секторы аймағында «Победа» әуе компаниясының Внуково – Самарқанд бағытындағы PBD997 рейсіне және «Uzbekistan Airways» әуе компаниясының Термез – Мәскеу бағытындағы UZB9609 рейсіне қызмет көрсету барысында авиациялық оқиға болды, – делінген департамент хабарламасында.

Ведомствоның мәліметіне сәйкес, аталған жағдай міндетті түрде уәкілетті орган тарапынан тергеп-тексеруді талап ететін елеулі авиациялық инцидент санатына жатқызылған.

Оқиғаны тексеру үшін ҚР Көлік министрлігінде арнайы комиссия құрылатын болады.

– Комиссияны тағайындау туралы бұйрық шыққан сәттен бастап тергеп-тексеру нәтижелері бойынша есеп бекітілгенге дейінгі мерзім, әдетте, қосымша зерттеулер мен жұмыстар қажет етілмеген жағдайда, үш айдан аспайды, – деп нақтылады ведомство баспасөз қызметі. 

Еске сала кетейік, Air Astana әуе компаниясының ұшағы техникалық ақауға байланысты Бейжің әуежайына шұғыл қонған еді. 



Соңғы жаңалықтар