Сауда үстемесін асырып қосқан кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке қатысты сауда үстемесінің мөлшерін бұзғаны үшін 1 470 әкімшілік шара қабылданды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінен мәлім болды.

— Жыл басынан бері министрліктің аумақтық департаменттері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 204-4-бабы бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке сауда үстемесінің мөлшерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, 1 470 әкімшілік шара қабылдады (2024 жылы 1055 әкімшілік шара). Оның ішінде кәсіпкерлік субъектілері заңды қайталап бұзғаны үшін 242 әкімшілік шара қабылдады, яғни кәсіпкерлерге сауда үстемесінің рұқсат етілген мөлшерін сақтамағаны үшін айыппұл салынды, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке шекті сауда үстемесінің сақталуына мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында жауапкершілікті қатаңдату бойынша қолданыстағы заңнамаға түзетулер әзірленді.
— Атап айтқанда, ескерту әкімшілік айыппұлмен ауыстырылды. Бұл түзету осы жылдың 13 наурызында күшіне енген. Енді шекті сауда үстемесін сақтамағаны үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 5, орта кәсіпкерлікке — 35 және ірі кәсіпкерлікке 150 айлық есептік көрсеткіш қарастырылған. Бір жыл ішінде қайта бұзылған жағдайда шағын — 10, орта — 70 және ірі кәсіпкерлік 300 айлық есептік көрсеткіш сомасында айыппұл төлейді, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Бұған дейін еліміздегі дүкен сөрелеріндегі азық-түліктің неше пайызы отандық өндірушілерге тиесілі болуы керек екенін жазған едік.