Саурықов: Ішкі туризмді дамытудың ұлттық бағдарламасын қабылдау керек
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына сауал жолдап, ішкі туризмді дамытудың ұлттық бағдарламасын қабылдауды ұсынды.

— Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылдың тоғыз айында ішкі туризм бойынша 6 миллион адам саяхаттаған, ал туристік қызмет көлемі 2020 жылғы 33 миллиардтан 168 миллиард теңгеге дейін бес есе өскен. Бұл халықтың қызығушылығы зор екенін дәлелдейді.
Бірақ, өкінішке қарай, даму жүйесіз, бірізді саясат пен айқын бағдар жоқ. Сондықтан бүгін біз жүйелі шешімдерді талап етеміз, — деп бастады депутат.
Оның сөзінше, елде ішкі туризмді дамытудың бірыңғай ұлттық бағдарламасы жоқ.
— Мысалы, Көлсай — республикалық деңгейдегі нысан. Бірақ оған апаратын жолды жөндеу жергілікті ауданның мойнында. Сонда аудан бүкіл елдің брендіне айналған нысанға қай қаражатпен жол салады? Көптеген облыста туризм басқармалары жоқ. Бұл бағыт кәсіпкерлікті дамыту басқармаларына қосылып, екінші кезекке ығыстырылған. Аудандарда тіпті бір маман ғана жауап береді немесе мүлде жоқ. Мұндай жағдайда жүйелі даму болуы мүмкін еместігі айдан анық, — дейді Ерболат Саурықов.
Мәжіліс депутаты ішкі туризм саласында да жарнама саясатына көбірек көңіл бөлу керектігін атап өтті.
— Ішкі туризмді дамытудың ұлттық кешенді бағдарламасын қабылдау қажет. Оның нақты кезеңдері мен KPI көрсеткіштері болу керек. Әр облыста туризм басқармасы, ал аудандарда жеке бөлім құрылсын. Әр өңірдің инвестициялық картасы дайындалып, жер телімдері, инвестициялық шарттар және мемлекеттік қолдау тетіктері анық жазылсын. Ақылды инфрақұрылым құру қажет: жол, санитарлық торап, Wi-Fi, демалыс аймақтары, фотозоналар болуы шарт, — деген Ерболат Саурықов гидтер мен орналастыру нысандарын сертификаттау жүйесін енгізу керектігін айтты.
Сондай-ақ, депутат әр облыс жыл сайын кемінде бес туристік нысанды дамытып, олардың абаттандырылуын Үкіметтің тұрақты бақылауына алуды ұсынды.
Бұған дейін Алматы облысына 2025 жылы 2,5 миллионнан астам турист барғанын жазған едік.