Саясат Нұрбек «Болашақ» түлегі туралы: Ол ақшаны қайтаруға келісті

Саясат Нұрбек
Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ» бағдарламасының шартын бұзған түлек туралы пікір білдірді.

Сенат отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында министр аламыш мәселені жеке бақылауына алғанын айтты.

Айта кетейік, Валерия Гавриленко «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияға оқуға кетіп, содан қайтпай қалған. Кепілге қойған мүлкін шығарып алғаннан кейін Халықаралық бағдарламалар орталығы оқудың ақшасын, яғни 30 млн теңге мемлекет қаржысын гарант болған үшінші тараптан талап еткен. 

«2-3 күн бұрын Гавриленко толық өз кінәсін мойындап, екіжақты келісімшартқа қол қойды. Сол келісімшарттың аясында ол бүкіл ақшаны қайтарамын деп өзіне міндет алды. Енді жауапты тұлғаларға да Бас прокуратура арқылы тиісті заңнама аясында жұмыс бастап кеттік», — деді ол.

Ведомство басшысы бұл мәселе тек заң аясында шешілетінін еске салды.

«Гавриленко ақшаны толық қайтарамын деп өзіне жауапкершілік алды, тиісті келісімшартқа қол қойылды. Ол ақшаны төлеуді бастады. Сондықтан гарант тарапқа ешқандай өкпе жоқ. Біз жауап беруші үшінші тарапқа шағым түсіруге мәжбүр болдық. Себебі заң аясында олар да жауапты. Осылай істеуге тура келді. Гавриленко барлық ақшаны төлесе, гарант болған азаматтарға шағым болмайды. Менің ойымша, оларға дұрыс кеңес берілмеген. Олар қауіпті сезіп, залалды толық өтейміз деп ойлаған», — деді Саясат Нұрбек.

Соңғы жаңалықтар