Саясаттанушылар партияларды қоғаммен тұрақты диалог орнатуға үндеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық қоғамдық даму институты екі республикалық әлеуметтік зерттеудің нәтижесін таныстырды. Сауалнаманың деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың басым бөлігі елдегі қоғамдық-саяси ахуалды оң бағалайды.
Мамыр айында институт «2026 жылдың II тоқсанындағы қоғамдық-саяси ахуал» (2400 респондент) және «Қазақстандықтардың саяси бағдары» (1200 респондент) тақырыптарында екі зерттеу жүргізді. Сауалнамалар face-to-face әдісімен еліміздің барлық өңірінде, оның ішінде республикалық маңызы бар қалалар мен ауылдық елді мекендерде өткізілді.
Институттың басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиевтің айтуынша, екі зерттеудің нәтижесі бір-бірін толықтырып, қоғамдағы тұрақтылық пен мемлекеттік институттарға деген жоғары сенімді көрсетеді.
Зерттеу қорытындысы бойынша, қазақстандықтардың 84,1%-ы елдегі қоғамдық-саяси ахуалды қолайлы немесе тұрақты деп бағалайды. Сонымен қатар респонденттердің 86,9%-ы Президентке сенім білдірген. Спикердің сөзінше, бұл көрсеткіш жасына, жынысына, этностық тиесілігіне және тұрғылықты жеріне қарамастан барлық әлеуметтік топта жоғары деңгейде сақталған.
— Жастар да, орта және аға буын өкілдері де, ерлер мен әйелдер де, ірі қалалар мен ауыл тұрғындары да бұл мәселеде бірдей пікірде. Бұл мемлекеттік саясатқа, елде жүзеге асырылып жатқан реформаларға деген сенімді көрсетеді, — деді спикер.
Оның айтуынша, қоғамдағы оң көңіл күй алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға деген ниеттен байқалады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 75,1%-ы тамыз айында өтетін дауыс беруге қатысуға дайын. Оның ішінде 37,6%-ы сайлауға міндетті түрде баратынын айтса, тағы 37,5%-ы «иә» деп жауап берген.
Сонымен қатар Азамат Байғалиев қоғамның саяси партиялардан не күтетініне де тоқталды. Оның айтуынша, азаматтар халықтың табысын арттыру, инфляцияны тежеу, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ жемқорлықпен күрес бағытында нақты әрі кәсіби шешім күтеді.
Жиында саясаттанушы Индира Рыстина қазіргі кезеңде қоғамның электоралдық көңіл күйі мен партиялардың белсенділігіне ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді.
— Ресми сайлауалды үгіт-насихат әлі жүргізілмегенмен, партиялық тізімдерді ұсыну кезеңі сайлау науқанының басталғанының белгісіне айналды, — деді ол.
Бұл ретте саясаттанушы Талғат Қалиев партиялардың жұмысы тек сайлау науқанымен шектелмеуі керек деп есептейді. Оның пікірінше, олар сайлауаралық кезеңде қоғаммен тұрақты байланыс орнатып, елдегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымын ашық білдіріп отыруы қажет.
— Партия белгілі бір құндылықтарға негізделуі керек. Ал бүгінгі партияларға қарасақ, барлығы «жақсының бәрін қолдаймыз, жаманның бәріне қарсымыз» деген ұстаныммен шектеледі. Сондықтан олардың нақты жағдайда қалай әрекет ететінін болжау қиын, — деді Талғат Қалиев.
Саясаттанушының сөзінше, партиялардың ең әлсіз тұсының бірі — белсенділіктің төмендігі.
— Егер су тасқыны, шахтадағы апат немесе қоғамда үлкен резонанс тудырған өзге де оқиға орын алса, партиялар қоғамдық пікірталастың ортасында болуы керек. Олар қандай жүйелі өзгерістер қажет екенін өз құндылықтарына сүйене отырып түсіндіруге тиіс. Сонда ғана олардың танымалдығы артып, азаматтардың сенімі күшейеді, — деді сарапшы.
Талғат Қалиевтің пікірінше, көп партия әлі күнге дейін ескі саяси жұмыс тәсілдерінен арылмай келеді. Олар танымал спортшылар мен шоу-бизнес өкілдерін тартуға басымдық береді. Алайда қазіргі саясат қоғаммен мүлде жаңа форматта жұмыс істеуді талап етеді.
— Партиялар көбіне дөңгелек үстелдер мен пікірталас алаңдарын өткізумен ғана шектеледі. Мұндай алаңдар сарапшыларға арналған. Ал партиялар халықтың арасына барып, азаматтармен тұрақты түрде кездесіп, үздіксіз диалог жүргізуі қажет. Барлығы келісетін мәселелерді ғана талқылай беру жеткіліксіз, — деді саясаттанушы.
Оның пікірінше, партиялар азаматтарға заманауи әрі креативті өзара іс-қимыл тетіктерін ұсынуға тиіс. Сонда ғана олардың қоғаммен байланысы нығая түседі. Осыған байланысты Талғат Қалиев алдағы Құрылтай жаңа институционалдық модель ғана емес, елдің саяси мәдениетіне де сапалы өзгерістер әкеледі деген сенім білдірді.
Еске салайық, елімізде Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтеді.