Саяси алаң: Қазақстан БҰҰ реформасына қандай үн қосты
АСТАНА. KAZINFORM – Жақында Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Жиында геосаяси тұрақсыздық белең алған тұста бірлескен әрекеттің маңызды екені айтылды. «Jibek Joly» телеарнасының «Жаһан жайы» бағдарламасы сессияда көтерілген бастамалар мен ұсыныстарға сараптамалық шолу жасады.

193 елдің дауысымен шешілетін жаһандық алаң
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының сессиясы тұңғыш рет 1946 жылы 10 қаңтарда Лондонда өтті. Алғашқыда форум форматындағы кеңес кейін халықаралық органға, яғни кодификациялау процесінің негізгі институтына айналған еді.
Қазір БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес 10 мүшесі бар. Олар 188 мемлекет арасынан іріктеліп сайланады. Аталған статусқа ие елдер Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты 5 мүшесімен бірге жұмыс істеуі шарт.

БҰҰ Жарғысына сәйкес, ұйымға мүше болу үшін мемлекет Бас хатшыға ресми хат жолдап, Жарғыдағы барлық міндеттемелерді орындауға дайын екенін мәлімдеуі тиіс. Өтініш алдымен Қауіпсіздік Кеңесінде қаралады. Кеңестегі 15 мемлекеттің кемі 9-ы өтінішті қолдауы қажет, ал тұрақты 5 мүше тарапынан бірде-бір вето болмауы шарт. Осыдан кейін ғана мәселе Бас Ассамблеяға жолданады. Мұнда ұйымға мүше 193 елдің үштен екісі өтінішті қолдап дауыс берсе ғана мемлекет мүшелікке өтеді.

АҚШ билігінің БҰҰ-ға әсері
Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдер екі түрлі жарна төлейді: міндетті және ерікті. Жарна әрбір 3 жыл сайын мемлекеттің жалпы ішкі өніміне байланысты есептеледі. Бұл ұйымның тұрақты бюджетінің негізгі бөлігін құрайды.

– АҚШ – БҰҰ-ның ең ірі доноры, ұйым бюджетінің 22% қаржыландырады. Алайда Трамптың билікке келуімен байланысты біраз жобалардың қаржысы қырқылып жатыр, – дейді Мәжіліс депутаты, дипломат Айгүл Құспан.
Ал Қазақстанның жарнасы шамамен 0,2%. Ұйымның ресми сайтындағы дерекке сәйкес, 2025 жылы Қазақстан тұрақты бюджетке 4 458 265 АҚШ доллары көлемінде жарна төлеуі тиіс. Егер мемлекет соңғы екі жылдық жарнасын толық өтемесе, БҰҰ Жарғысының 19-бабына сәйкес, Бас Ассамблеяда дауыс беру құқығынан айырылады. Бұл елдің халықаралық деңгейдегі саяси беделіне тікелей әсер етпек.
Орта держава орны
БҰҰ – 1919 жылы құрылған Ұлттар Лигасының жалғасы. Ұйымның басты құрылымы – Қауіпсіздік кеңесінің құрамында тұрақты бес мүше бар: АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей және Қытай. Олар вето қою құқығына ие екенін айту керек. Өйткені Қауіпсіздік кеңесінің кез келген шешіміне осы бес мемлекеттің біреуі қарсы шықса, қабылданбайды. Соның салдарынан ұйым жаһандық қақтығыстарды шешуде қауқарсыз болып отыр.
Мысалы, Израильдің Газа секторындағы әскери әрекеттерін тоқтату жөніндегі резолюцияға соңғы екі жылда АҚШ тұрақты түрде вето қойып келеді. Бұл өзге мемлекеттер тарапынан әділетсіздік және құқықтық теңсіздік деп бағаланып отыр. Осы жолғы Бас Ассамблея сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесіне Орта державаларды (Middle Powers) қабылдау туралы бастама көтерді.

Бұған қатысты Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым бес ел бірден жанжалды тоқтата алмайтынын айтты.
– Бұл оңай емес. Дегенмен үрдіс басталды. Қытай, АҚШ БҰҰ-ның ең ірі демеушісі екені анық. Қазір олар жарнасын азайтып жатыр немесе нақты мәселелерге бөлуге ынталы. Мысал үшін АҚШ, бірақ оның қаншалықты дұрыс-бұрыс екенін дөп басып айта алмаймын, ЮНЕСКО сияқты, ДСҰ сияқты ұйымдарға ақша беруді қоямыз деп жатыр.
Сол сияқты көптеген ұйымдарға сын тағылуда. Дәл қазіргі кезде БҰҰ қырғи-қабақ соғысының бір алаңына айналып кетті. Азия мен Африка елдерінің дауысын қақтығысып жатқан елдер жанталаса бөлісіп, өзінің жағына тартып келеді. Осылайша, 1970-1980 жылдары жүрген қырғи-қабақ соғысқа айналдырып жіберді», – дейді Айдос Сарым.
Қақтығыстар картасы кеңейіп барады
Швеция сарапшыларының мәліметінше, қазіргі таңда әлемде 60-тан астам қарулы қақтығыс жүріп жатыр. Ірі жанжалдар қатарында Ресей-Украина, Израиль-Палестина, Үндістан-Пәкістан және Қытай-Тайвань арасындағы текетірестер бар.

БҰҰ саммитінде Франция президенті Эмманюэль Макрон Палестинаны ресми түрде мойындайтынын мәлімдеді. Макрон бұл қадам Израильдің мүддесіне қарсы емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, Газа секторындағы соғыс кезінде екі жылда 60 мың адам қаза тапқан, оның жартысы – бейбіт тұрғындар.

Бүгінде Палестинаны БҰҰ-ға мүше 193 елдің 147-сі және ЕО-ға мүше 11 мемлекет мойындаған. АҚШ Президенті Дональд Трамп Палестина мемлекетін мойындауды ХАМАС-ты заңдастыру және терроризмді қолдау деп бағалады.

«Қауіпсіздік кеңесінің Жарғысын қайта қарау керек»
Ал Мемлекет басшысы Газадағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, әскери іс-қимылды дереу тоқтатуға, бейбіт тұрғындарды толық қорғауға және халықаралық гуманитарлық көмектің кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге шақырды. Президент екі ел арасындағы қақтығыстың аяқталғанын құптайтынын айтты.
– БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Жарғысындағы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері келе жатқан «жау мемлекет» ережесін халықаралық қоғамдастықтың басым бөлігі ескірген деп санайды. Сондықтан Жарғыны қайта қарау мәселесін талқылайтын уақыт келді. Бүгінде біз алаңдатарлық ахуалға куә болып отырмыз: қарулануды шектейтін шарттар сақталмайды, демек, стратегиялық тұрақтылықтың да іргесі сөгіле бастады. 2024 жылы дүние жүзінде әскерді жарақтандыруға кеткен шығын 2,7 триллион долларды құрады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал жаһандағы зорлық-зомбылықтың шығыны 20 триллион долларға жуықтады. Қазақстан араағайындық және бітімгер рөлін жалғастырады. Біздің таңдауымыз: үстемдік емес – тепе-теңдік, жіктелу емес – ынтымақтастық, соғыс емес – бейбітшілік, – дейді Президент.
Мемлекет басшысы ядролық қару қолдану қаупін азайту, ядролық державалар арасында жоғары деңгейдегі диалогты қайта бастау және көпжақты әрекетті жандандыру қажетін де айтты.
–Қазақстан ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі жаңа диалогқа дайын. Біз Ядролық қаруды таратпау туралы шартты күшейтіп, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың орындалуына түрткі болу үшін бейресми пікір алмасуларға мән бере аламыз. Сонымен қатар біз бұған дейін айтқан Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы ұсынымымызды жүзеге асыруға шақырамыз, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жуырда ШЫҰ саммитінде қабылданған Тяньцзинь декларациясында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін қазіргі геосаяси шындыққа сай өзгерту керегі жазылған. Қауіпсіздік Кеңесінде дауыс беру құқығын тек 5 тұрақты мүшесіне ғана емес, дамушы мемлекеттерге де, мысалы, Азия, Африка, Латын Америкасына да беру керек делінген. Депутат Айдос Сарымның пікірінше, ұсыныс этикалық тұрғыдан да, құқықтық тұрғыдан да орынды.
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде ұзақ жылдар бойы жұмыс істеуі оның халықаралық құрылымның ішкі механизмдерін терең меңгеруіне жол ашты. Президент БҰҰ-дағы шешімдердің қалай қабылданатынын, процестің қалай жүретінін жақсы білетіндіктен, маңызды ұсыныстарды дер кезінде көтерді.
Ол үшін оған мүше мемлекеттер, шынын айту керек, кімнің дауысы артық дейтін де сұрақ қойылуы керек сияқты. 193 мемлекеттен 5 мемлекетті алып тастайықшы, 188 мемлекет артық па, әлде осы 5 мемлекет артық па дейтін этикалық сұрақты да қою керек. Әрине, БҰҰ - белгілі бір дәрежедегі дипломатиялық клуб. Шахмат ойынының ережесі сияқты бұл да ережесі бар дүние. Ұсақ-түйек мәселеге 80 мемлекеттің дауысын жинап, шығара береді. Ал үлкен мәселеге келгенде жаңағы 5 мемлекет вето тастайды, болды. Бұл – халықаралық теңдіктің бұзылуына алып келетін, қайта қарауды қажет ететін жүйе, – дейді депутат Айдос Сарым.

Айта кетейік, 2011-2013 жылдары Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ жүйесінде ерекше маңызға ие лауазымдардың бірі – Бас хатшының орынбасары қызметін атқарды. Сонымен қатар ол Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің Бас директоры және Қарусыздану мәселелері жөніндегі БҰҰ Бас хатшысының Жоғары өкілі қызметтерін де қоса атқарды.
Тоқаев – бұл лауазымдарға тағайындалған алғашқы қазақ және Орталық Азиядан шыққан ең жоғары дәрежелі халықаралық қызметкер. Сол жылдары Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Еуропа департаменті директорының орынбасары қызметін атқарған, қазіргі Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан бұл кезеңді толқыныспен еске алды.
– Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болған кезде шынайы ғаламдық мәні бар мәселелер талқыланды. Бірінші кезекте ол ядролық қаруды таратпау, екіншіден жалпы қару-жарақты қатаң бақылау. Одан кейін босқындар мен мигранттардың құқықтарын қорғау. Сол жылдары босқындар мен мигранттардың шексіз ереуілі болып, әлемді дүрліктірді. Солардың құқықтарымен айналысты. Президент бас хатшының орынбасары ретінде әлем экономикасының мәселелеріне, одан кейін дүниежүзілік денсаулық сақтау жүйесіне, еңбек стандарттарына қатысты мәселелерді шешуге үлесін қосты, – дейді Айгүл Құспан.

Бірліккебірқадам: ортақбастамаларменКаспийтеңізінқұтқару
БҰҰ-мен ынтымақтастық 1992 жылы Қазақстанның ұйымға мүше болып қабылданған сәтінен басталды. Содан бері еліміз сенімді серіктеске айнала алды. Тіпті халықаралық мәселелерді шешуде БҰҰ-ның ықпалын арттыруды мақсат етіп отыр. Мысалы Алматыда орналасқан БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығы Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін маңызды алаң саналады.
Сонымен қатар Қазақстанда БҰҰ-ның 20-дан астам агенттігі мен бағдарламасы кедейлікті жою, денсаулықты қорғау, сапалы білім, гендерлік теңдік, климаттың өзгеруімен күрес, адам құқықтары және тағы бірқатар маңызды салаларды дамытумен айналысып келеді. Қазақстан тарапынан БҰҰ-ның негізгі қағидаттарына қолдау бар.

Бұл ретте БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча қос тараптың әріптестік байланысы нығайып келе жатқанын алға тартады.
– Жақында Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы орнықты даму мақсаттарына жетуге бағытталған жаңа бірлескен құжат – БҰҰ-ның Орнықты даму саласындағы ынтымақтастық жөніндегі негіздемелік бағдарламасы қабылданды.
Оған маусым айының соңында қол қойылып, 2026 жылдың қаңтарынан бастап іске асырыла бастайды және 2030 жылға дейін жалғасады. Сондықтан менің негізгі басымдығым – осы жаңа ынтымақтастық бағдарламасын іске асыруды бастау және барлық БҰҰ агенттіктері мен әріптестерін бірлесіп, келісілген түрде жұмыс істеуге жұмылдыру болады, – деді Саранго Раднарагча.
БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Орталық Азия өңірі климаттың өзгерісінің салдарынан әлемдегі басқа өңірлермен салыстырғанда анағұрлым қатты зардап шеккенін де жасырмады.
– Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдады. Бұл – үкіметтің, жалпы Қазақстанның көміртегі бейтараптығына жетуге ұмтылысын көрсететін маңызды қадам, – деп атап өтті Саранго Раднарагча.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Бас Ассамблеяға 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды да ұсынды. Бұл ретте Каспий теңізінің тартылып бара жатқанына назар аударды.