Саяси доктринаға сәйкес «нұротандықтар» алдында жаңа міндеттер тұр - БҚО

ОРАЛ. 28 қазан. ҚазАқпарат - Облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының төрағасы Нұрлан Ноғаевтың төрағалық етуімен 28 қазан күні облыстық филиал саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы болды.

Саяси доктринаға сәйкес «нұротандықтар» алдында жаңа міндеттер тұр - БҚО

Облыс басшысы «Нұр Отан» партиясының таяуда өткен кезектен тыс съезінде көптеген келелі мәселелер ортаға салынып, шешімдер қабылданғанын атап өтті. Оның бірегейі - партияның саяси доктринасының қабылдануы. Саяси доктрина алдын ала партия мүшелеріне, қоғамға ұсынылып, жұртшылықтың пікірін ескере отырып мақұлданды. Ұсыныстардың барлығы еліміздің экономикасының өсуіне, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталды. Партия Төрағасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «Ұлы жол шағын қадамнан басталады» дей келе, бір кездері шағын ғана топтан құралған саяси ұйымның бүгінде ілкімді істердің партиясына айналғанын, «Нұр Отанның» болашаққа жол сілтейтін темірқазық болуы керек екендігін атап көрсетті. Бұл тұрғыда Батыс Қазақстан облысында мүмкіншілік мол. 29 мыңнан астам партия мүшесі 312 бастауыш партия ұйымына біріккен. Үш партия филиалы, партиялық бақылау бекеттері, барлық деңгейдегі мәслихаттарда депутаттық фракциялар, «Жас Отан» жастар қанаты жұмыс жасауда. Партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің сөзінде жеткен жетістіктерге тоқмейілсімей, алдымызда тұрған келелі міндеттерді шешу үшін белсенді жұмыс істеуге шақырды. Елбасымыздың тапсырмалары, біріншіден, партия басты патриоттық күш болуы тиіс. Екіншіден, партия жалпыұлттық бірлік пен келісімнің орталық буыны болуы міндетті. Үшінішіден, «Нұр Отан» азаматтық қоғамның көшбасшысы болуы тиіс. Төртіншіден, партиялық көшбасшылықтың басты бағыты жалпыұлттық экономикалық және әлеуметтік инновацияның орталығына айналуы керек. Бесіншіден, XXI ғасырдың көшбасшы партиясы - жалпыхалықтық бақылаудың басты құралы. Алтыншы, жастарын қолдаған партия ғана көшбасшылыққа ие болады. Жетінші, «Нұр Отан» сыртқы саясатта мемлекетіміздің құндылықтарын қорғауы тиіс.

Саяси кеңес отырысында сондай-ақ бір топ съезд делегаттарының баяндамалары тыңдалып, жиын соңында қаулы қабылданды.