Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын Павлодарда еске алды
Жиылғандар алдында сөз сөйлеген Қанат Бозымбаев осыдан 77 жыл бұрын тарихта миллиондаған адам үшін, біздің бүкіл ұлтымыз үшін қайғы әкелген қорқынышты кездің басталғанын атап өтті.
«37-38 жыдардың өзінде Қазақстанда заңсыз түрде 100 мыңнан астам адам қамауға алынып, оның ішінде 25 мыңға жуығы атылған. Кеңес лагерлерінде қазақ мәдениеті, ғылымы мен ағарту өкілдерінің көзі құртылды. Осы күні Жүсіпбек Аймауытов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев, Санжар Асфендияров, Ермұхан Бекмаханов, Қабыш Бердалин, Жұмасейіт Шанин, Зейін Шашкин, Ораз Жандосов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сұлтанбек Ходжаев есімдері мен басқа мыңдаған репрессия құрбандарын еске алмау мүмкін емес. Олардың көбі - біздің өңірдің тумалары», - деп атап өтті Қ.Бозымбаев.
Бүгін павлодарлықтар аштықтан қаза болғандардың ескерткішіне, атылып кеткен ақын Павел Васильев мүсінінің алдына, Жүсіпбек Аймауытовтың ескерткіш тақтасының алдына гүл шоқтарын қойды.