Сайланған Президенттің ант беру күні нақтыланады – Ерлан Сәрсембаев

АСТАНА. KAZINFORM – Сайланған Президенттің ант беру күні сайлау нәтижелері жарияланған күнге байланысты айқындалады. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның екінші отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты.

п
Фото: Конституциялық сот

- Сайлау өткізу мерзімі мен тәртібін өзгерту Президенттің ант беру уақытына да тиісті түзетулер енгізуді талап етеді. Осыған байланысты Конституцияның тиісті бабында көрсетілгендей, ант сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап, 1 ай ішінде беріледі. Бұл нормамен де нақты күнтізбелік күннен бас тартылып, ант беру күні сайлау нәтижелері жарияланған күнге байланысты айқындалады. Сондай-ақ Президенттің мерзімнен бұрын қызметінен босатылуы, қызметінен шеттетілуі немесе қайтыс болу жағдайлары ескерілген қолданыстағы нормаларға сәйкес, Президенттің өкілеттігін өзіне қабылдаған тұлға антты 1 ай ішінде беруі тиіс, - деді Ерлан Сәрсембаев.

Оның атап өтуінше, нақты мерзімнің белгіленуі құқықтық белгісіздікті болдырмайды және өкілеттікке кірісу рәсімінің созылып кетуінің алдын алады.

- Осылайша, жеделдік пен легитімділік арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Бір жағынан басқару жүйесінде билік вакумы туындамайды. Екінші жағынан жоғары мемлекеттік өкілеттіктерді қабылдайтын әрбір тұлға халық алдындағы жауапкершілігін жария түрде конституциялық растау рәсімінен өтеді, - деді министр. 

Бұған дейін ол Президентке қандай лауазым иелерін тағайындау құқығы берілетінін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум