Сайлау-2019: Дауыс беру учаскелері нешеге дейін жұмыс істейді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылғы 9 маусымда ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ел ішінде және шет елдерде 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров айтты.

«Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7.00-20.00 аралығы) болады. Немесе аумақтық сайлау комиссиясы ұсынымымен дауыс беру уақытын өзгертуге болады. Сондай-ақ, дауыс беру уақытын таңғы 6-дан ерте бастауға болмайды және кешкі 22.00-ге дейін аяқтау қажет», - деді К. Петров Орталық сайлау комиссиясында журналистерге берген сұхбатында.

Осылайша, еліміздегі 17 аумақтық сайлау комиссиясы келтірген деректерге сәйкес, 48 сайлау учаскесі жергілікті уақытпен таңғы 7-де емес, 6.00-де ашылады.

«Бұл уақыт өңірлердегі дауыс берушілердің жұмыс сипатына байланысты. Сондай-ақ, 555 сайлау учаскесі тізімдегі барлық азаматтар дауыс беріп болған соң ғана жабылады. Бұл норма әскери бөлімдерде, шалғай ауылдарда, отарлы мал шаруашылығында, емдеу орындары мен санаторийлерде, тергеу изоляторларында жүргізіледі. Осылайша, Қазақстан мен шет елдерде құрылған 9 968 дауыс беру учаскесінің 48-і өз жұмысын таңғы 6-да бастайды. Ал 55 учаске тізімдегі барлық қазақстандықтар дауыс берген соң ғана жабылады. Мұндай учаскелердің тізімін сайлау комиссиясы 7 күн бұрын бекітуі тиіс», - деді Константин Петров.

Соңғы жаңалықтар