Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Сайлау-2026: «Jibek Joly» арнасындағы командалық теледебаттың бірінші кезеңі аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM – Тұңғыш Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партия өкілдері «Jibek Joly» телеарнасының тікелей эфирінде пікір сайыстырып жатыр.

«Jibek Joly» арнасындағы командалық теледебат
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Командалық пікірсайыстың бірінші кезеңі мәресіне жетті. «Талдау» кезеңінде әр партия өкілдері өз ұстанымын ғана емес, бәсекелестерінің бағдарламасына да сыни көзқарасын білдіруге мүмкіндік алды. Ол үшін пікірсайысшыларға 2 минут 30 секундтан уақыт берілді. Партиялар бұл уақытты өз ұстанымдары қазақ және орыс тілінде қатар беруге жұмсады.

«Ақ жол» партиясының өкілі Бек-Мұхамед Жәукебаев өзінің мойнында несиесі бар екенін айтты. Ал Ермек Әбілдин ЖСДП партиясын бизнесті салықпен қысуға бағытталған саясат ұстанады деп сынап өтті.

«Jibek Joly» арнасындағы командалық теледебаттың бірінші кезеңі
Фото: Ағыбай Аяпбергенов /Kazinform

ЖСДП атынан шыққан Лариса Ли Қазақстан Халық партиясы көп жылдан бері сөзуарлықпен айналысып келе жатыр деген пікір айтты.

«Jibek Joly» арнасындағы командалық теледебаттың бірінші кезеңі
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

«Әділет» партиясының сөзұстары Мәди Мырзағараев өз ұстанымдары Ата заңның жаңа редакциясымн үндесіп жатқанын атап өтті. Айжан Аймағанова кез келген саяси бастама халық иланбаса, нәтиже бермейтінін еске салды.

Мәди Мырзағараев
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Қазақстан Халық партиясының өкілі Ирина Смирнова Құрылтай сайлауына түсетін өзге партиялардың өзі осал деп танитын тұстарына тоқталды.

Ирина Смирнова
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

«Ауыл» партиясының туын ұстаған Ерболат Саурықов ауыл мен қала арасындағы алшақтықты жоюдың жолдары партия бағдарламасының өн бойында тұнып тұрғанын айтты. Жазира Сұлтанқұлова ЖСДП ұстанымдарын сынай келіп, Қазақстан Халық партиясының бағдарламасындағы ұрандарды «қорқынышты» деп бағалады.

Ерболат Сайрықов
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

«Байтақ» партиясының пікірсайысшысы Амалбек Өміртай экология саласында өздері анықтаған ірі заң бұзу фактілерін атап, сондай проблемаларды қалайша жүйелі жоюға болатынын баяндады.

Амалбек Өміртай
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Respublica партиясының өкілі Олжас Құспеков қарсылас партияларды сынмен түйрей өтіп, «ескі партиялардың дәурені өткені туралы өткір пікір айтты.

Олжас Құспеков
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Кей партия өкілдері берілген уақыттың әр секундын тиімді пайдаланып, экрандағы сағат тілімен бірге тоқтаса, кей қатысушылар өз ойын берілген уақытқа сыйғыза алмай жатты. Партияластарын жақтау үшін дебат алаңына жиналған жанкүйерлердің белсенділігін ерекше атап өтуге болады. Жақтастарының әрбір сәтті сөзін қиқумен қарсы алып, мүлт кеткен тұсын қошемет-қолдаумен білдірмей кетуге барын салып жатыр.

Айта кету керек, бүгінгі командалық теледебаттың негізгі тақырыбы – «Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі».

«Jibek Joly» арнасындағы командалық теледебаттың бірінші кезеңі
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Бұған дейін пікірсайысқа қатысатын партия өкілдерінің сөз сөйлеу реті де «Jibek Joly» телеарнасының тікелей эфирінде жеребе арқылы анықталған болатын. 

Пікірсайысшылар осы рет бойынша сөйлеп шықты.

Теледебатты «Jibek Joly» телеарнасынан бөлек, Jibek Joly TV және резервтік Jibek Joly News YouTube арналары да көрсетеді. Көрермендер тарапынан партия өкілдеріне сұрақ туындап жатса, экранда көрсетілген WhatsApp нөміріне жолдай алады.