Сайлау-2026: ЖИ қолдану шарты, фейкпен күрес және партиялар бәсекесі
АСТАНА. KAZINFORM - Сайлау науқанының алғашқы кезеңінде цифрлық платформалардың ықпалы артып, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану мен жалған ақпараттың алдын алу өзекті мәселеге айналды. Сарапшылар мұндай өзгерістер саяси бәсекенің сипатына да әсер етіп отырғанын айтады. Олардың пікірінше, бұл партиялардың бағдарламасы мен ашық коммуникациясына қойылатын талапты күшейтті.
Елордада өткен «САЙЛАУ-2026: медиа және цифрлық платформалар» сарапшылық алаңында цифрлық технологиялардың саяси коммуникацияға әсері, жасанды интеллектіні сайлауалды үгіт-насихатта қолдану, жалған ақпаратпен күрес және электоралдық үдерістердің жаңа процестері талқыға түсті.
Жиында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саяси коммуникацияның сипатын өзгертіп жатқанын айтты. Дегенмен, оның сөзінше, сайлау үдерісіндегі негізгі фактор әлі де азаматтардың ақпаратқа деген сенімі болып қала береді. Осыған байланысты жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану және сайлаушыларды қорғау тетіктерін дамыту алдағы электоралдық циклдердегі маңызды міндеттердің бірі саналады. Ол бұл ретте жаңа заңнамалық талаптардың да ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Мәселен, бұдан былай ЖИ көмегімен жасалған контент міндетті түрде таңбаланатын болады.
– Мұндай талап шілде айында күшіне енген Цифрлық кодексте бекітілді. Осылайша, Цифрлық кодекс жасанды интеллектіні қолдануға жаңа мүмкіндіктермен қатар, нақты талаптар да енгізіліп отыр. Бұл талапты сайлауалды үгіт кезінде және түрлі ақпараттық науқандарда ескеру қажет. Контенттің жасанды интеллект көмегімен әзірленгені көрсетілуі керек. Бұл азаматтардың саналы таңдау жасауына және ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етеді, – деді спикер.
Сонымен қоса ол сарапшылық алаңның мақсаты – сайлау науқанына қатысты маңызды процестерді талдап, медиа мен жаңа технологиялардың электоралдық процеске ықпалын бағалау екенін атап өтті.
– Біз ешбір саяси партияны қолдамаймыз. Біздің міндет – өтіп жатқан үдерістерді бақылау, талдау және алдағы үрдістерді бағалау. Бүгін медиа, жасанды интеллект пен цифрландырудың сайлау науқаны мен саяси партиялардың қызметіне ықпалын талқылаймыз, – деді Жандос Шаймарданов.
Сондай-ақ ол қазіргі сайлау науқанында дәстүрлі үгіт құралдарымен қатар цифрлық платформалардың рөлі артып келе жатқанына тоқталды.
– Саяси партиялар әлеуметтік желілер мен цифрлық платформаларда өте белсенді. Мұны жақсы үрдіс деп санаймын. Бұған әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері де дәлел. Мәселен, теледебат кезінде өткен онлайн дауыс беруге 20 мыңға жуық көрермен қатысты, – деді ол.
Цифрлық платформалар заңнама талаптарын сақтауы тиіс
Бұдан бөлек ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев те жасанды интеллект көмегімен дайындалған контентті міндетті түрде таңбалау, оны құқықтық реттеу және азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар ол жеке деректерді қорғау мәдениетін күшейту және осы бағытта халықаралық цифрлық платформалармен өзара іс-қимылды дамыту қажеттігін айтты.
– Қазақстанда жұмыс істейтін TikTok, YouTube және басқа да цифрлық платформалар ұлттық заңнама талаптарын, соның ішінде жасанды интеллект көмегімен жасалған контентті таратуға қатысты нормаларды сақтауға міндетті. Бұл талаптар контент авторларына ғана емес, Қазақстан аумағында қызмет көрсететін цифрлық платформаларға да қатысты. TikTok Қазақстанда ресми түрде жұмыс істейді. Басқа платформалардың елімізде кеңсесі болмауы мүмкін. Дегенмен заңды тұлға ретінде олар да Қазақстан заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті, – деді вице-министр.
Бақтияр Мұхаметқалиевтің айтуынша, жасанды интеллект арқылы жасалған контентті таңбалау сайлау науқаны кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де маңызды. Себебі соңғы уақытта ЖИ көмегімен жасалатын жалған ақпарат пен алаяқтық әрекеттер көбейіп келеді.
Фейк таратушылар қандай тақырыптарға назар аударады
Сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығының басшысы Руслан Бекарсланов жалған ақпаратпен күресте ресми ақпараттың жедел жариялануы маңызды екенін атап өтті.
– Әр мемлекеттік орган өз құзыретіндегі ақпаратты бірінші болып жариялауы керек. Өйткені ешкім сол ведомствоның өзінен артық әрі жедел ақпарат бере алмайды. Егер ресми түсіндірме кешіксе, оның орнын қауесет пен түрлі жорамал басады, – деді ол.
Сонымен қоса орталық басшысы фейк таратушылар қандай тақырыптарды қолданатынына да тоқталды. Оның сөзінше, олар халықтың назарын көп аударатын тақырыптарды пайдаланады.
– Ең көп бұрмаланатын тақырыптардың қатарында әлеуметтік төлемдер, денсаулық сақтау, қаржы және қауіпсіздік бар. Сәйкесінше, осы салаларға жауапты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі және Энергетика министрлігі жалған ақпараттың нысанасына жиі айналады. Өйткені дәл осы мәселелер қоғам үшін маңызды. Сондықтан жалған ақпарат таратушылар да адамдардың эмоциясына әсер ететін осындай тақырыптарды қолданады, – деді орталық басшысы.
Сондықтан да оның сөзінше, фактчекинг мәдениетін дамыту және қоғамның ақпаратты сыни қабылдау дағдыларын қалыптастыру маңызды.
Ақпараттық иммунитетті күшейту қажет
Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің де пікірі осыған саяды. Ол фейктермен күресу үшін халықтың ақпараттық иммунитетін күшейту қажеттігін айтты.
— Басты мәселе - қоғамның ақпараттық иммунитетін қалыптастыру және мемлекеттің кез келген фейкке шынайы, ашық әрі жедел жауап беруге дайын болуы. Сан түрлі тақырыпқа қатысты жалған ақпарат таралуы мүмкін. Алайда шынайы ақпарат уақытында жарияланса, қоғам оны күнделікті өмірдегі тәжірибесімен салыстырып, ақиқатқа оңай көз жеткізеді, - деді ол.
Спикердің айтуынша, жалған ақпарат жекелеген дағдарыстарға себеп болуы мүмкін. Алайда мұны сылтауратып, барлық ақпарат көзін шектеуге немесе түрлі пікірге тосқауыл қоюға болмайды.
Оның пікірінше, сыни ойлауы жоғары адамдар уақыт өте келе даурықпа тақырыптарға, жалған ақпаратқа немесе шұғыл әрекет етуге шақыратын хабарламаларға сене бермейді. Мұндай ақпаратты адамдар елемей өте бастайды, өйткені оларда ақпараттық иммунитет қалыптасады.
Сарапшының айтуынша, еркін әрі дамыған ақпараттық ортада да қоғам уақыт өте келе сенімді ақпарат көздерін айқындайды. Адамдар күмәнді ақпаратқа тап болған кезде, оны сол дереккөздер арқылы тексеруге тырысады.
Науқанның басты жаңалығы - партиялар құрамының жаңаруы
Сарапшылардың айтуынша, цифрлық ортадағы өзгерістер саяси партиялардың сайлау науқанын жүргізу тәсілін де өзгертіп отыр. Мәселен, саясаттанушы Талғат Қалиев қазіргі сайлау науқанында партиялар арасындағы бәсеке жаңа деңгейге көтерілгенін айтып, олардың дәстүрлі үгіттен гөрі бағдарламалар мен қоғамдық маңызы бар мәселелер төңірегіндегі ашық пікірталасқа көбірек көңіл бөле бастағанын жеткізді.
— Үгіт-насихаттың алғашқы күндерінің өзінде саяси күштер арасында пікірталас басталды. Онда парламент жұмысының тиімділігі, кәсіпкерлердің мүддесін қорғау және бизнестің саясаттағы рөлі талқыланды, - деді ол.
Спикердің пікірінше, бұл саяси бәсекенің күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
— Партиялар өз бағдарламаларын ұсынып қана қоймай, қоғам дамуының өзекті мәселелері бойынша ұстанымдарын ашық қорғауға дайын екенін байқатып отыр, — деді саясаттанушы.
Сондай-ақ партиялардағы кадрлық жаңару қоғамның жаңа идеялар мен жаңа тұлғаларға сұранысын көрсететінін айтты.
— Қазіргі науқанның басты тренді - партиялар құрамының жаңаруы. Көп саяси ұйымда басшылық біртіндеп жаңа буын саясаткерлеріне ауысып жатыр. Бұл партияларға жаңа идеялар ұсынуға, жақтастарының қатарын кеңейтуге және Құрылтайдың алдағы жұмысының заманауи күн тәртібін қалыптастыруға мүмкіндік береді, - деді Талғат Қалиев.
Талғат Қалиевтің пікірінше, бұл өзгерістер Қазақстанның партиялық жүйесі біртіндеп жаңа кезеңге өтіп жатқанын көрсетіп отыр. Мұнда енді саяси тәжірибемен қатар қоғамның жаңа сұраныстарына жауап беріп, тиімді шешімдер ұсына білу қабілеті де маңызды рөл атқарады.
Бағдарлама ғана емес, кандидаттың болмысы да маңызды
Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеев те партиялық тізімдерге көптеген жаңа тұлға енгенін, соның нәтижесінде заң шығарушы органның құрамы едәуір жаңаратынын атап өтті.
– Сайлаушылар үшін ең маңыздысы – кандидаттың кәсіби біліктілігі ғана емес, оның қандай адам екені. Адамдар кандидаттың кәсіби біліктілігі мен құзыретін ғана емес, оның адамгершілік қасиеттері қандай, қандай құндылықтарды ұстанатынын да білгісі келеді, – деді спикер.
Сонымен қатар оның сөзінше, сайлаушылар үгіт-насихат кезінде саяси күштердің берген уәделерін орындау қабілетіне және олардың ұйымдастырушылық әлеуетіне де ерекше мән бере бастады.
Ал «Қоғамдық келісім» РММ басқарма басшысы Елдос Жұмағұловтың айтуынша, қазақстандықтарды жас ерекшелігіне қарамастан тиімді мемлекеттік басқару, әділеттілік, қауіпсіздік және елдің дамуына үлес қосуға деген ортақ ұмтылыс біріктіреді.
– Ашық саяси бәсекенің күшеюі азаматтардың саналы таңдау жасауына ықпал етіп, партиялардың сайлауалды бағдарламаларының сапасына, ұстанымдарының нақтылығы мен жария коммуникациясына қойылатын талаптарды күшейтеді, - деді Елдос Жұмағұлов.
Азаматтардың үштен екісі нақты бір саяси партияға дауыс беруге ниетті
Ал ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова электоралдық көңіл күйге жүргізілген зерттеу нәтижелерін таныстырды. Зерттеу деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың басым бөлігі сайлауға қатысуға дайын, ал азаматтардың үштен екісі нақты бір саяси партияға дауыс беруге ниетті.
– Қоғамның негізгі сұранысы – тұрақтылықты сақтау, күнделікті мәселелерді тиімді шешу және партиялардың халықпен тікелей диалог орнатуы. Сонымен қатар сайлаушылардың таңдауы саяси бәсекенің деңгейіне және жеті партияның өз бағдарламалары мен идеологиялық ұстанымдарын қаншалықты сенімді ұсына алатынына байланысты болады, - деді ҚСЗИ ол.
Сондай-ақ оның айтуынша, зерттеу барысында азаматтарға «Егер сайлау алдағы жексенбіде өтсе, дауыс беруге барар ма едіңіз?» деген сұрақ қойылған. Респонденттердің төрттен үші сайлауға міндетті түрде қатысатынын айтқан.
– Бұл қазіргі сайлау науқаны барысында саяси партиялардың қандай бағдарлама, платформа мен идеология ұсынатыны маңызды екенін көрсетеді. Дегенмен түпкілікті шешімді 23 тамызда сайлау учаскесіне келетін сайлаушы қабылдайды, - деді Айгүл Забирова.
Осылайша, сарапшылар қазіргі сайлау үдерісінің сапасы тек заңнамалық өзгерістерге ғана емес, ақпараттық сенімге, жауапты цифрлық ортаға және азаматтардың белсенді қатысуына да тәуелді деген ортақ пікірге келді.
Айта кетейік, бұған дейін саяси партиялардың алғашқы пікірсайысы қалай өткенін қорытындылаған едік.