«Сайлау әділ өтті»: Respublica партиясы exit poll нәтижелеріне қатысты пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — Respublica партиясының көшбасшысы сайлаудан кейін мәлімдеме жасады. Ол Respublica партиясы сайлау нәтижелерін мойындайтынын мәлімдеді.
Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров бүгін еліміз үшін маңызды күн екенін айтты.
— Алғаш рет өткен Құрылтай сайлауы — Қазақстанның саяси өміріндегі тарихи сәт, ел дамуының жаңа кезеңі дер едім. Өздеріңіз білесіздер, биыл ел болып, біртұтас ұлт болып жаңа Ата заң қабылдадық. Біз және біздің жақтастарымыз Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастап берген саяси реформаларды толық қолдаймыз. Республика партиясы үнемі осы тарихи оқиғалардың, ауқымды бастамалардың бел ортасында жүр. Бүгін міне, күллі халқымызбен бірге болашаққа нық қадам жасап отырмыз. Осы айтулы күнімен, сайлаудың сәтті өтуімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! — деді ол.
Айдарбек Қожаназаров ең алдымен сайлауға қатысып, өз таңдауын жасаған барша Қазақстан халқына алғыс айтты.
— Respublica партиясына дауыс берген азаматтарға ерекше ризашылығымды білдіреміз. Сонымен бірге басқа партияларды таңдаған отандастарымыздың да шешіміне құрметпен қараймыз. Себебі елдік істе әр азаматтың дауысы маңызды. Сайлауалды кезеңде Respublica командасы еліміздің барлық өңірін аралап, халықпен кездесті. Елдің мәселесін, ұсынысын, болашаққа деген ойын тыңдадық. Осы кездесулерден біз халқымыздың өзгеріске, жаңаруға және дамуға деген үлкен сұранысын көрдік, — деді Respublica партиясының төрағасы.
Оның сөзінше, Республика партиясы бүгін сайлау ашық, әділ және заң талаптары сай өтті деп есептейді.
— Дауыс беру аяқталып, жаңа ғана exit poll-дың алғашқы нәтижелерін естідіңіздер. Бұл — біз күткен нәтиже. Қазақстан азаматтары белсенділік танытып, өз таңдауын жасап, конституциялық құқығын жүзеге асырды. Біз бүгін жай ғана сайлауға қатысып отырған жоқпыз. Еліміздің саяси тарихындағы жаңа кезеңнің куәсі болып, сол тарихты Президентімізбен, халқымызбен бірге жазып жатырмыз. Алда ресми қорытынды бар. Халық қандай таңдау жасаса да, біз оған құрметпен қараймыз. Ал Respublica үшін елге қызмет ету, халықтың сөзін сөйлеп, нақты өзгерістерге жұмыс істеу жалғаса береді, — деп түйіндеді Қожаназаров.
Бұған дейін «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай сайлау қорытындысы бойынша сайлаушыларға үндеу жасады.