Сайлау алдындағы үгіт: қаражатты игеру тәртібін бұзғандарға жауапкершілік күшейтіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне cайлауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Атап айтқанда, жақында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды.
Ондағы негізгі түзетулер:
- сайлау рәсімдерінің ашықтығын арттыруды, сайлау қорларынан тыс қаржыландыруға тыйым салуды;
- әкімдікке кандидаттардың дауыстары тең болған кезде қайта дауыс беру тәртібін белгілеуді;
- бір адамның бір мезгілде мәслихат депутаттығына және әкімге кандидат болуға тыйым салуды;
- сайлау комиссиялары мүшелеріне қойылатын талаптар мен жауапкершілікті күшейтуді, сенім білдірілген адамдардың мәртебесін нақтылауды;
- сайлау комиссиялары мүшелерінің өкілеттіктерін уақытша тоқтату мәселесін реттеуді;
- жаңадан құрылған немесе қайта ұйымдастырылған әкімшілік-аумақтық бірліктердегі сайлау комиссиялары мүшелерінің өкілеттік мерзімін айқындауды көздейді.
- Аталған Конституциялық заң жобасының нормаларын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында әзірленген ілеспе заң жобалары бойынша тоқталсам. Біріншіден, онлайн-платформаларды пайдалануды және барлық кандидат үшін тең жағдайларды қамтамасыз етуді реттейтін нормалар енгізілді.
– «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексте онлайн-платформаларда үгіт материалдарын орналастырудан бас тартқаны және кандидаттар үшін тең емес жағдайлар жасағаны үшін жеке тұлғаларға 20, заңды тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Екіншіден, кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау қорларынан басқа, өзге де материалдық көмекті қабылдауға тыйым салынды. Сайлау қорларынан тыс қаржылық және өзге де материалдық көмек алғаны үшін жеке тұлғаларға 25, ал заңды тұлғаларға 55 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Бұдан басқа, қолданыстағы Конституциялық заңда қаржыландыру ережелерін бұзған жағдайда, кандидатты немесе партиялық тiзiмдi тiркеу жөніндегі шешiмнiң күшiн жою туралы конституциялық жауапкершілік көзделгенін де атап өту қажет. Бұл сайлау науқандарын жасырын және бақылаусыз қаржыландыруға жол бермеуге бағытталған, - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар ол кандидаттың сайлау алдындағы үгіт жүргізуге бөлінген мемлекеттік бюджет қаражатын жұмсау тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілетінін айтты.
- Мұндай заң бұзу деректері үшін әкімшілік айыппұл мөлшері 5-тен 25 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Бұл бюджет қаражатын нысаналы және ашық пайдалануға ықпал етеді. Бұдан басқа, ілеспе заңдарда мәслихаттың құзыретін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның нормаларымен сәйкестендіруді көздейтін редакциялық түзетулер енгізілді. Жалпы, ұсынылған шаралар адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге, сайлау процесінің барлық қатысушысы үшін түсінікті және бірыңғай ережелер белгілеуге арналған, - деді Үкімет басшысының орынбасары.