Кей елдер біздің мемлекет болып кететінімізге күмәнмен қараған - Сайлау Батыршаұлы
Бүгін Астанада Республика күніне орай SöZ пікірталас алаңының жаңа маусымы басталды. Онда қоғамда болып жатқан жағдайларға қатысты ашық пікір білдіруге мүмкіндік бар. Аталған іс-шара қоғамдық маңызы бар жобаларды қолдайтын Orta Community кеңістігінде өтті. Орталықтың ашылуы да мерекеге тұспа-тұс түсіп, қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады, деп хабарлайды Kazinform.

Бірінші дәріс «Егемен күн: Қазақстан қалай еркін болды» деп аталатын ашық сұхбат форматында басталды. Еліміздің бостандыққа қандай қиын жолдармен жеткені жөнінде сөз қозғалды.
Оған спикер ретінде ҚР дипломатиялық қызметінің ардагері, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Сайлау Батыршаұлы және Парламент Мәжілісінің депутаты, публицист Никита Шаталов қатысты.

Ал алаңға келген қонақтар өз кезегінде сұрақтарын жаудырды.
Сайлау Батыршаұлы Қазақстанның БҰҰ қатарына кіруге алғашқы ұмтылысы жайында еске алып, күрсіне баяндап берді.

«25 қазанда атап өтілетін Республика күні — Тәуелсіздік алумен қатар қазіргі Қазақстанның маңызды күндерінің бірі. 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылдады. Бұл Қазақстанның бостандық жолындағы алғашқы қадамы болды. Қазақстан халықаралық қатынастардың толыққанды субъектісіне айналды және өзінің көптен күткен Тәуелсіздік жолын бастағалы тұр деп бүкіл әлемге жария етілді. Ал 1991 жылы Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында „Қазақстан егемен мемлекет ретінде БҰҰ-ға мүше болатын уақыты келді, оның жарғысында: „біз, Біріккен Ұлттар Ұйымының халықтары, үлкен және кіші ұлттар құқықтарының теңдігіне деген сенімді бекітуге бел будық“, — деді ардагер.

Сайлау Батыршаұлы пікірталас алаңының отырысында Республика күнінің маңызын атап өтті.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кей елдер біздің мемлекет болып кетуімізге сенімсіздікпен қарады. Ол кезде дипломатиялық қарым-қатынасты орнату маңызды болғандықтан, оның қалыптасуына үлесімді қостым. Себебі халық Егемендігі туралы декларация негізінде ғана өзін мемлекет ретінде қабылдай алады», — деді профессор Сайлау Батыршаұлы.
Оған қоса декларацияның басты артықшылықтарын да тілге тиек етті.

«Декларацияның маңызды ережесі — Қазақ КСР халықаралық қатынастардың дербес субъектісі ретінде әрекет ету, сыртқы саясатты өз мүддесі үшін айқындау, дипломатиялық және консулдық өкілдіктермен алмасу, халықаралық ұйымдардың, оның ішінде БҰҰ мен оның мамандандырылған мекемелерінің қызметіне қатысу құқықтарын өзіне бекітті. Халықаралық қатынастар орнатудың бастапқы нүктесі болды», — деп ойын аяқтады спикер.

SöZ Astana Public Talk пікірталас алаңының отырысында әйелдерге дипломатияға баруға жол ашық деген ой айтылып қалды.
Әйелдердің беделі бұрынғыдай еместігін айтқысы келген тележурналист Сандуғаш Сұлтан спикерге сұрағын қойды.

Дипломатиялық қызмет ардагері әйелдер дипломатияға бұрын амалсыздан қабылданғанын, бірақ қазір жағдай айтарлықтай өзгергенін айтып, тележурналистің сөзін құптады.
«Әйелдер эмпатияға сүйенетін және ортақ шешімге келуді білетін әлдеқайда шебер дипломат бола алады. Қазіргі уақытта дипломатиядағы әйелдер үшін барлық жолдар ашық және басшылар олардың қабілетіне баса назар аударып, меритократия қағидаттарын ұстанады», — деп сөзін тәмамдады ардагер.