Сайлау күні қай қалаларда қоғамдық көлік тегін болады
АТЫРАУ.KAZINFORM - 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлау күні бірқатар қалада қоғамдық көлік тегін болады. Ал кей өңірлерде белгілі бір уақыт аралығында ғана тегін қатынау мүмкіндігі жасалмақ.
Ресми мәлімет бойынша, Қарағанды, Жезқазған, Талдықорған, Түркістан, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Павлодар, Семей, Көкшетау және Қостанай қалаларында сайлау күні қоғамдық көлік тегін болады.
Қызылордада қоғамдық көлік 07:00-ден 13:00 аралығында, ал Петропавлда 20:00-ге дейін халықты ақысыз тасымалдайды. Ал тараздықтар мен өскемендіктер бұл күні әдеттегідей автобусқа жол ақысын төлеуі тиіс.
Шымкент, Қонаев және Орал қаласы бойынша қоғамдық көліктің сайлау күніндегі төлем тәртібі әзірге нақтыланбаған.
Айта кетейік, қоғамдық көліктің жұмыс тәртібі мен жол жүру ақысына қатысты шешімді қалалардың жергілікті атқарушы органдары қабылдайды.
Еске салайық, бұған дейін құрылтай сайлауына байланысты Алматы мен Астана қаласында қоғамдық көлік тегін болатыны хабарланған еді.