Сайлау нәтижесі: Алда не күтіп тұр
АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы ел тарихындағы маңызды саяси оқиға болғаны сөзсіз. Миллиондаған азамат сайлау учаскелеріне барып, тарихи күнде өз таңдауын жасады. Енді алда не күтіп тұр, Құрылтай қалай жасақталады? Kazinform тілшісі тақырыпты тарқатты.
Саяси доданың жаңа кезеңі
Бүгін Орталық сайлау комиссиясы 23 тамызда өткен Құрылтай депутаттары сайлауының нақтыланған алдын ала нәтижелерін жариялады. Қорытындыға назар аударсақ:
- «Әділет» партиясына – 6 825 948 адам (71,17%);
- ЖСДП-ға – 469 058 адам (5,11%);
- «Байтақ» партиясына – 97 751 адам (1,07%);
- ҚХП-ға – 285 395 адам (3,11%);
- Ауыл партиясына – 574 621 адам (6,26%);
- Ақжол партиясына – 478 083 адам (5,21%);
- Республика партиясына – 509 631 адам (5,56%) дауыс берген.
Ал 230 446 адам немесе сайлаушылардың 2,51 пайызы бәріне қарсы болған.
Кеше ел аумағында және шетелдегі Қазақстан өкілдіктерінде 10 423 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Ресми мәліметке сүйенсек, тарихи күнде 9,3 млн қазақстандық дауыс берді, бұл – дауыс беру құқығы бар азаматтардың 74,19 пайызы.
Мұндай жоғары көрсеткіш жылдан-жылға халықтың саяси науқандарға деген қызығушылығы артқанын көрсетсе керек. Себебі, 2023 жылы Мәжіліс депутаттарының сайлауында – 6,3 млн, 2024 жылы АЭС салу мәселесі бойынша референдум кезінде – 7,8 млн, 2026 жылы жаңа Конституция жобасы бойынша референдумда – 9,1 млн азамат таңдауын жасаған болатын. Демек, Құрылтай депутаттары сайлауындағы белсенділік деңгейі тарихи максимум саналады.
Саясаттанушы Ардақ Монтаевтың айтуынша, халықтың дауыс беруге ықылас танытуына саяси-құқықтық жүйенің әсері мол.
– Соңғы жылдары Қазақстанда азаматтардың саяси науқандарға қатысу формалары да өзгеріп келеді. Бұрын саяси белсенділік негізінен сайлау учаскесіне барып дауыс берумен өлшенсе, бүгінде әлеуметтік желілерде пікір білдіру, кандидаттар мен партиялардың бағдарламаларын талқылау, қоғамдық кездесулерге қатысу, онлайн форматтағы коммуникация сияқты жаңа құралдар кеңінен қолданылады.
Меніңше, қазіргі кезеңдегі басты мәселе – азаматтардың сайлауға қатысу санын ғана емес, олардың саяси таңдауының саналы болуын қамтамасыз ету. Құрылтай сайлауына 7 саяси партияның қатысуы және 545 кандидаттың ұсынылуы сайлаушыларға салыстырмалы түрде кең таңдау мүмкіндігін берді, – дейді Ардақ Монтаев.
Саясаттанушы Құрылтай депутаттарын сайлау саяси мәдениеттің дамуына серпін берді деп есептейді. Қазіргі сайлаушы бұрынғыдай тек партияның бағдарламасындағы жалпы уәделерге емес, нақты нәтижеге бағытталған ұсыныстарға көбірек мән береді. Сондықтан партиялардың халықпен жұмысының тиімділігі кездесулер саны немесе әлеуметтік желідегі жарияланымдар көлемімен емес, азаматтардың нақты мәселелеріне қаншалықты жауап бере алғанымен өлшенуі тиіс.
Сарапшының сөзінше, алдағы уақытта азаматтардың саяси белсенділігі заң шығару процесіне, қоғамдық бақылауға, жергілікті деңгейдегі шешімдерді талқылауға ұласуы қажет.
Құрылтайға кім барады?
Алдымен «Құрылтай неге қажет болды?» деген сұраққа жауап іздейік. Бұл - кездейсоқ көтерілген мәселе емес. Бұған дейін екі палаталы парламенттік жүйе тұрақты жұмыс істегенімен, кей жағдайда заң қабылдау процесін созбалаңға салып, бюрократиялық кедергілер кездесіп отырды. Ал қоғам қажетті заңның тез әрі сапалы қабылданғанын қалайды. Сол себепті парламенттік жүйе түбегейлі қайта әзірленді әрі бұрынғыдай Мәжіліс пен Сенат болып бөлінбей, біртұтас Құрылтайға айналмақ.
Сондықтан өткен жылы Президент кезекті Жолдауында бір палаталы парламент құру идеясын ұсынды. Қазан айында Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылып, кейін жаңа Ата заң да нақты бекітілді.
Айта кетерлігі, Парламентке «Құрылтай» деген атауды Мемлекет басшысы ұсынған болатын. Президенттің сөзінше, бұл қадам Құрылтай атауын маңызды мемлекеттік институттың символына айналдыру үшін таңдалған.
Сарапшылар бір палаталы жүйеге көшудің ұтымды тұсы көп деп отыр. Біріншіден, Құрылтайға жеткен кез келген шешім тез қабылданады. Екіншіден, бюрократиялық шығын азаяды. Үшіншіден, заң шығару жүйесі ашық әрі қарапайым болады. Оған қоса реформа саяси мүдде қақтығысын азайтады деген болжам бар.
Сонымен, алдағы Құрылтайдың құрамы 145 депутаттан тұрады, олар пропорционалдық жүйе бойынша партия атынан сайланады және олардың өкілдік мерзімі – 5 жыл. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, Еуропа елдерінде осындай модельге бетбұрыс бар, себебі мынадай жүйе қоғамның динамикасын неғұрлым толық ашуға көмек береді.
Тағы бір өзгеріс – Құрылтайда төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспауы керек. Оған қоса Парламенттегі Президент квотасы және Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасы деген болмайды. Тек жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квоталар сақталады.
– Жаңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау көзделіп отыр. Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын процедурасы ұсынылады. Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды. Осылайша, біз Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды одан әрі жалғастырамыз, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Барлық депутат Құрылтайға партия жүйесімен келеді. Съездерінде партиялар депутаттыққа ұсынатын азаматтардың тізімін бекітеді. Соның ішінен партиялық тізіммен депутаттар сайланады. Бұған дейін сайлауға түскен 7 партия Құрылтай депутаттығына 545 кандидат ұсынған еді. Енді сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша, 5 пайыздан көп дауыс жинаған 5 партия өз үміткерлерін Құрылтайға кіргізуге құқылы.
Бұл - партиялар үшін де белгілі бір дәрежеде саяси сынақ. Себебі бұған дейін ұсынылған 545 кандидаттың басым бөлігі бұрын мандат алмаған, тізімдегі 51 үміткер ғана Парламентте болды. Саяси жүйеге жаңа кадрлар келеді деген белгі.
Партиялық жауапкершілік күшейеді
Бұрынғы екі палаталы Парламентте заңды қараудың өзіндік тәртібі бар-тын. Мәжілісте көтерілген мәселе талқыланып, тиісті заң жобасы мақұлданса, Сенаттың қарауына жіберетін. Ал заң жобасында шикілік шықса, оны Сенат талқылайтын, яғни түйткіл толық шешілгенге дейін екі палата да өз деңгейінде жұмыс істейтін. Қазір мұндай жүйе жоқ. Барлық мәселе бірден Құрылтай аясында қаралады.
Мысалы, бұрын Мәжіліс пен Сенатта екі оқылымнан кейін заң шығатын болса, енді Құрылтайда үш оқылымнан соң ғана заң қабылданады. Бірінші оқылымда заңға арқау болған мәселелер талқыланса, екінші оқылымда депутаттар тарапынан түскен өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер талқыланады. Ал шешуші кезеңде толықтай сараптама жасалады: Конституцияға, алдыңғы қабылданған заңдарға сәйкестігі, нормалардың сақталуы қадағаланады.
Саясаттанушы Бақытжан Бұқарбайдың пікірінше, Құрылтай арқылы елдегі жария биліктің тұтас архитектурасы өзгеріп жатыр.
– Саясаттану ғылымында ең алғашқы құрылған институт ары қарай құрылатын институттардың легитимділігі мен тұрақтылығына әсер етеді. Сонымен бірге, кейінгі құрылған институттар алғашқы құрылған институттың тиімділігіне қарай бой түзейді. Бұл – өте маңызды.
Конституциялық реформадан кейін ең алғашқы құрылатын институт Құрылтай болғалы отыр. Сондықтан оның қалыптасқалы жатқан саяси архитектураның сызбасында маңызы зор. Алда Вице-президент, Үкімет, Халық кеңесі секілді институттар іске кіріседі. Демек, Құрылтай барлық мемлекеттік институттың легитимділігінің бастауы болады, – деп түсіндірді спикер.
Ықшамдай айтсақ, алдағы шешуші саяси-қоғамдық өзгерістің бәрінде Құрылтайдың жауапкершілігі жоғары. Сарапшылар Құрылтай депутаттары өте сауатты, кәсіби тұрғыда білікті болуы керек деген ұстанымда. Әсіресе, депутаттарға жәрдемдесетін сарапшыларға қойылатын талап та қатаңдай түспек.
Бұл жолғы сайлау – партиялық сайлау. Халық үміткерлерді жеке таңдаған жоқ, тек партияға дауыс берді, яғни жауапкершілік партияның өзінде. Олай дейтініміз, пропорционалды жүйеде партия неғұрлым көп дауыс жинаса, соғұрлым Құрылтайда көбірек орын алуға мүмкіндік алады. Ал өзі ұсынған кандидаттың қызметі мен жұмысына да белгілі бір деңгейде жауапты.
Саясаттанушы Ардақ Монтаевтың сөзінше, алдағы уақытта халық партиялардың әр қадамын, депутаттардың әр бастамасын жіті қадағалайды. Себебі азаматтардың саяси сауаты артып келеді.
– Биылғы Құрылтай сайлауындағы үгіт-насихат науқанын мазмұндық тұрғыдан жаңа саяси жағдайға бейімделген кезең деп бағалауға болады. Жаңа институттың құрылуы халықтың да талабын күшейтті. Партиялар сайлаушыға нақты заңнамалық бастамаларды, әлеуметтік-экономикалық ұсыныстарды және Құрылтайдағы жұмыс тәсілдеріне дейін таныстырғанын көрдік, – дейді ол.
Депутатқа қандай талап бар?
Құрылтай депутаттары партия ұсынған тізім бойынша жасақталады дедік. Партияның қанша депутат ұсына алатыны сайлаудағы дауыс көрсеткіші бойынша пропорционалды жүйемен анықталмақ. Дегенмен депутат кандидатурасына қойылатын талап жоқ емес.
Депутат:
* Қазақстан Республикасының азаматы болуы;
* 25 жасқа толуы;
* Қазақстан аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұруы қажет.
Тағы бір талап – депутат басқа өкілді органның депутаты бола алмайды. Сонымен бірге депутаттық қызметін атқара отырып, кәсіпкерлікпен айналысуына, коммерциялық ұйымды басқаруына рұқсат етілмейді. Мұндай шектеулер депутаттың бейтарап әрі әділ жұмыс істеуіне кедергі келтірмеу үшін жасалған. Алайда депутаттарға оқытушылық, ғылыми және шығармашылық жұмыспен айналысуға шектеу жоқ.
Жаңа Конституцияда Құрылтайды мерзімінен бұрын таратуға қатысты нақты тәртіп қарастырылған. Президент Құрылтай төрағасы және Премьер-министрмен кеңескеннен кейін оны тарату туралы шешім қабылдай алады. Сондай-ақ Құрылтайдың келісімі қажет болатын лауазымға Президент ұсынған кандидатураны депутаттар қайта мақұлдамаған жағдайда да Құрылтайды тарату құқығы беріледі.
Сонымен бірге бұл өкілеттікке белгілі бір шектеулер қойылған. Мысалы, төтенше немесе соғыс кезінде, Президент өкілеттігінің аяқталуына алты ай қалғанда және Құрылтай таратылғаннан кейін бір жыл ішінде оны қайта таратуға жол берілмейді.
Қазір әлемдегі 190-ға жуық елдің 107-сі бір палаталы парламентті мемлекеттер саналады. Қазақстан да осы қатарға қосылмақшы. Сарапшылардың болжамынша, бір палаталы жүйе қоғамдық диалогті арттырып, мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді нығайта түспек.