Сайлау, республикалық референдум, Үкімет, сот жүйесі: қабылданған Конституциялық заңдағы нормалар
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына оларды ҚР Конституциясына сәйкес келтіру, сайлау және прокуратура туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңы екінші оқылымда қабылданды.
Сенатор Нұрлан Бекназаров аталған заң жөнінде баяндама жасап, өзектілігіне тоқталды.
— Еліміздегі демократиялық құндылықтарды нығайтуды және саяси жаңғыруды жүйелі түрде ілгерілету мақсатында әзірленген «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Констиуциялық заңының жобасы ағымдағы жылдың 8 мамырында Парламент палаталарының бірлескен отырысында бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Парламент палаталарының бірлескен комиссиясы заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында тұрақты комитеттер мен депутаттардан түскен ұсыныстарды жан-жақты талқылады. Енгізілген ұсыныстар қолданыстағы 9 Конституциялық заңның жекелеген баптарын жаңа Конституцияға сәйкестендіруді көздейді, — деді ол.
Сонымен бірге, өзгерістердің ең бастыларын атап өтті.
— «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңындағы бірқатар маңызды өзгерістер — бірпалаталы Парламент — Құрылтайдың құрылуына және оның депутаттарының пропорциялы өкілдік жүйе негізінде сайлануына байланысты заңнаманы жетілдіруге қатысты. Сонымен қатар сайлау жүйесін институционалдық тұрғыдан күшейту мақсатында Орталық сайлау комиссиясы мен аумақтық сайлау комиссияларының өкілеттіктері, олардың мүшелерінің құқықтық міндеттері нақтыланып, айқындалды. Сайлау учаскелерін құру және сайлаушылар тізімімен таныстыру тәртібі бойынша ережелер толықтырылды, — деді сенатор.
Сонымен бірге, Бас прокуратура жанындағы комитет қайта ұйымдастырылып, оның қызметі мен өкілеттігінде бірқатар өзгеріс орын алған еді.
— Мемлекет басшысының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес, «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару жөніндегі комитетті Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті етіп қайта ұйымдастырылуға байланысты оның өкілеттігі мен қызметіне қатысты өзгерістер қамтылды. Осыған байланысты, бүгінгі қаралып отырған заң жобасының атауы «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының сайлау және прокуратура туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болып өзгертілді, — деді Нұрлан Бекназаров.
Одан бөлек, республикалық референдум, Үкімет, сот жүйесі, ҚР Конституциялық Соты, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы Конституциялық заңдарға да өзгерістер енгізілді.
— «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға Қазақстан Халық Кеңесінің жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеру құқығын іске асыру тетіктерін айқындайтын түзетулер енгізілді. «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңға енгізілетін түзетулер жаңа Конституцияға сәйкес Үкіметтің құзыретін, қабылдайтын актілерін және Үкімет мүшелерінің құқықтық мәртебесін нақтылайды. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңында сот билігінің міндеттері, сот ісін жүргізу нысандары, Жоғарғы Соттың өкілеттігі мен судьялары бөлігінде жаңа нормалар қарастырылды. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістермен Конституциялық Соттың құрамын қалыптастыру, өкілеттіктері мен конституциялық іс жүргізу тәртібі жаңа Конституция талаптарына сәйкес жетілдіріліп, нақтыланды. «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңы Уәкілдің құзіреті мен қызметіне байланысты түзетулермен қамтылды, — деді сенатор.
Оның сөзінше, енгізілген өзгерістер жаңа Ата заңымызды іске асырудың құқықтық тетіктерін бекітіп, мемлекеттік билік тармақтарының мәртебесі мен құзыреттерін нақтылайды және мемлекеттің даму саясатымен толық үндеседі.
Айта кетейік, бұған дейін Халық кеңесі туралы заң қабылданғанын жазғанбыз.