Сайлау саяси жүйенің демократияланғанын көрсетеді – саясаттанушы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлаудың жаңа форматы – саяси жүйенің демократиялануының көрсеткіші. Бұл пікріді қазақстандық саясаттанушы Эдуард Полетаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарапшы Конституцияға, партиялық заңнамаға өзгерістер енгізіліп, Президент жүргізген саяси реформалардан кейін сайлау елеулі өзгерістермен өтетінін атап өтті. Биыл сайлау мажоритарлы-пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша өтеді.

«Мұны саяси жүйені демократияландырудың, оны жаңғыртудың көрсеткіші деуге болады. Бұл қазақстандық саясат үшін, оның көппартиялы болуы үшін тұрақтандыратын фактор. Саяси құрылым тұрғысынан Парламент алуан түрлі болуы мүмкін. Оған қоса, бұл алдағы сайлаудың маңызды интригасы, яғни басым партия мен қалған екі партия сол және оң қанатты тұрақтандырғыш рөлін атқарып келді. Енді бұл партиялық ландшафт Парламентте қалай көрініс табатынын болжау қиын», - деді Э. Полетаев.

Біріншіден, ол Парламент депутаттарының саны 107-ден 98-ге дейін қысқаратынын, екіншіден, бір мандатты адамдар пайда болатынын, яғни бір мандатты округтер бойынша 29 адам сайланатынын еске салды. Партиялар үшін сайлау шегі 7-ден 5%-ға дейін төмендеді, 30% - жастар, әйелдер, мүгедектігі бар жандар болуы керек деген талап бар.

«Нәтижесінде сайлауға көбірек партия қатыса алады, мәслихаттардың рөлі арта бастайды, 3 мыңнан астам адам сайланады, ал мәслихаттар партиялық тізім бойынша – 50%, округтер бойынша – 50%, аудандар деңгейінде – 100% өзін-өзі ұсынушылар қағидатымен сайланады. Бұл да мәслихаттардың ықпалын арттырады және бәсекені күшейтеді. Яғни, өзін-өзі ұсынғандар есебінен сайлау қызықты өтуі мүмкін», - деп толықтырды Э. Полетаев.

Оның пікірінше, сайлаудың жаңа форматы сайлаушылардың көптеп келуіне ықпал етеді. Билік тарапынан да сайлаушыларды дауыс беруге тарту жұмыстары белсенді бола түсті.

«Билік бұл науқанның еш кедергісіз өтуіне, техникалық жарақтануына, сайлаушыларға қолайлы жағдай жасауға тырысады. Жасыратыны жоқ, сайлаушыға бірден 4-5 бюллетень беріледі, олардың шатаспауы өте маңызды. Сондықтан ұйымдастырушылық дайындыққа баса мән беріледі», - деп қорытындылады саясаттанушы.

Сонымен бірге, спикер сайлаудың өзі демократия екенін еске салды, ол арқылы азаматтардың көпшілігі мемлекеттік билікті жүзеге асыруға қатысады, мемлекеттік органдардың қызметін бақылайды. Тиісінше, бұл биліктің халық алдындағы жауапкершілігін тудырады.


Соңғы жаңалықтар
telegram