13:16, 03 Наурыз 2009 | GMT +5
Сайлау үрдісінде демократиялық өріс кеңейіп келеді ? Алматы қаласы Сайлау комиссиясының төрағасы
АЛМАТЫ. Наурыздың 2-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматы қалалық сайлау комиссиясының басқа жұмыстарға ауысуларына байланысты қызметтерінен кеткен мәслихат депутаттарының орнына кезекті сайлау өткізудің негізгі іс-шаралары басталып кетті. Осы науқан барысының жай-күйімен танысу мақсатында Алматы қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жүнісовті әңгімеге тартқан болатынбыз.
? Жалпы сайлауалды жұмыстардың барысы жайында айтып өтсеңіз?? 26 ақпан күні түнгі 12:00-де сайлау үрдісінің маңызды кезеңдерінің бірі ? мәслихат депутатына кандидаттарды ұсыну аяқталды. Бүгінде қала бойынша 3 округте, яғни 15, 16 және 22 сайлау округтерінде депутаттыққа 33 кандидат ұсынылды. Ал жалпы республика бойынша сайлау 74 округте өтетін болады. Ұсынылған кандидаттар әкімшілік лауазымдарға немесе атқарушы органдарға қызметке ауысқан депутаттардың орнына сайланады. Бұл жолы бізге 33 кандидат ұсынылып отыр. Айта кету керек, бұндай көп үміткер осы уақытқа дейін болып көрген емес. Бұл елдің, соның ішінде шаһарымыздың тағдырының көпшілік үшін әлі де маңызды екендігін көрсетіп отыр. Биылғы сайлаудың бір ерекшелігі, ол «Сайлау туралы» заңның толықтырылған нұсқасымен жүргізілетіндігінде және Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі қарсаңында өткізілуінде. ? Сайлауға түскен кандидаттар құрамына тоқталсаңыз... ? Депутаттыққа 15-ші сайлау округінен - 14, 16-шы сайлау округінен - 11, ал 22-ші сайлау округінен 8 кандидат ұсынылды. Олардың ішінде 2 азамат «Әділет» партиясынан, қалғандары өзін-өзі ұсыну жолымен шығып отыр. Үміткерлердің 29-ы ер адам, 4-еуі әйелдер. Білім дәрежесі бойынша 30 адам жоғары білімді, толық емес жоғары білімді 2 және 1 орта білімді кандидат бар. Үміткерлердің арасында 18 бизнес өкілдері, 12 бюджеттік мекеме қызметкері және 3 уақытша жұмыс істемейтін адам бар. Өзіңіз байқағандай, басым бөлігі өздерін ұсынып отыр. Әдетте партиялардан ұсынылатын үміткерлер көп болатын. Мәслихатқа сайланғысы келетіндердің ең жасы 21-де, ал ең ересегі 65 жаста. Қуанарлық тағы бір жайт ? екі жас саясаткер «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің үздік оқу орындарынан білім алып келген өрендер. Ал ұлттық құрамға келетін болсақ, 23 қазақ, 3 орыс, 2 татар, 2 ұйғыр және бір-бірден кәріс, украин, армян халқының өкілдері бар. Солардың ішінде 9 адам осыған дейін де мәслихат, парламент депутаттығына ұсынылғандар қатарында. ? Енді кандидаттар қандай үдерістерден өтеді? ? Депутаттыққа үміткерлер наурыз айының 3-іне дейін жеке табыстары жайында барлық декларацияларды тапсырып, бұрын сотталған-сотталмағандығы жөніндегі тексерістен өтулері қажет. Аталған шаралардан сүрінбей өткен кандидаттарды ресми тіркейтін боламыз. Осыдан кейін, 4-інен 28-ші наурызға дейін үміткерлердің сайлауалды кампаниясы болады. Ал наурыздың 29-ы сайлау күні. Әзірге 33 кандидаттың ішінен қайсысының жеңіске жететіндігіне болжам жасау қиын. Олардың есімдеріне де қатысты аса күрделі бәс те тігіліп отырған жоқ. Өйткені, осыған дейін де айтқанымдай, кандидаттардың басым бөлігі партиялар атынан емес, өздерін ұсынып отыр. Бұл қандай да бір болжалдар келтіруге мүмкіндікті азайтады. Десек те, сайлаудың әділ де ашық өтетіндігіне сенім білдіремін.Соңғы жылдары депутат болғысы келетін үміткерлер санының артып келе жатқаны байқалып отыр. Мысалы, жоғарыда атап өткеніміздей, кандидаттар бұрын партиялардың атынан көбірек ұсынылатын және олар өздерінің партияларының атынан қолдау көретін. Бүгінгі жағдай керісінше. Яғни аталған іске әкімшілік ресурстар араласпайтын болады. Бұл да демократиялық үрдістердің кеңінен өріс алып келе жатқандығын көрсетеді. ? Биылғы кандидаттардың жұмыс бағдарламалары қандай бағытта болып отыр? ? Олар әлі нақты бағдарламалар ұсынған жоқ. Сайлауалды кампаниясы кезінде олардың қандай бағытта істер атқаратындығы халыққа белгілі болады деп ойлаймын. Менің пікірімше, қазіргі қаржы дағдарысына қарсы күрес жолына, экология саласына арнаса тиімді болар еді. Сондай-ақ, жұмыссыздар санының артуына орай қылмыс деңгейінің көтерілуі, халықты еңбекпен қамтамасыз ету секілді мәселелерге назар аударулары қажет. Мойындау керек, қазірде әрбір отбасы дағдарыстың қандай да бір залалын көрді. Егер де депутаттыққа үміткерлер осы бағыттарды ұстанса, халық қолдауына ие болады деп ойлаймын. ? Мәслихатқа халық қалаулыларын сайлауға тұрғындардың қатысу белсенділіктері қандай болады деп күтілуде? ? Жалпы Алматы халқы кандидаттардың ұсынылуын, сайлауалды науқанын талқылауда ерекше белсенділік танытады. Алайда сайлаудың өзіне қатысуға аса құлықты емес. Шамамен, дауыс беруге қабілетті тұрғындардың 25 пайызы ғана қатысып жүр. Жыл сайын бұл көрсеткіштің де төмендеп бара жатқанын байқауға болады. Дегенмен, бұл халық билікке сенбейді немесе сайлауға қатысқысы келмейді дегенді білдірмейді. Алматы қашан да зиялы қауым жиналған қала ретінде белгілі. Сондықтан да олар бұндай жайттарды өздерінше пайымдайды. Содан соң, сайлау тек үш округте ғана өтеді. Яғни, тұтас қаланы қамтымайды. Қалай болғанда да, оны сайлау нәтижесі көрсетері анық. Бізде, яғни сайлау комиссиясының мүшелерінде бір ғана тілек бар. Ол ? дауыс беру науқынының ешбір күрделі оқиғасыз өтуі. Соның ішінде, кандидаттар арасында қандай да бір келіспеушіліктер орын алмау қажет. -Әңгімеңізге рахмет!