Сайлау жүйесін жетілдіретін заң жобасы талқылауға шығарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық экономика министрлігі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін Конституциялық заң жобасын көпшілік талқылауына шығарды.

Сайлау жүйесін жетілдіретін заң жобасы талқылауға шығарылды
Фото: Kazinform/ Freepik

Заң жобасы көптеген өзгерістер мен түзетулерді енгізуге бағытталған. Соның ішінде сайлауға кандидатурасын ұсына алмайтын азаматтардың қатарына ауыр қылмыс істегендер де кіретіні айтылған.

— Сондай-ақ ауыр, аса ауыр қылмыс жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам ҚР Президенттігіне, ҚР Парламентінің, мәслихаттардың депутаттығына, әкім болуға кандидат, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидат бола алмайды, — деп жазылған құжатта.

Ал заңның 19-бабына сайлау комиссиясының мүшесі бола алмайтын азаматтардың қатарын толықтырған тармақша енгізілмек.

— Сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық, ауыр, аса ауыр қылмыс жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам сайлау комиссиясының мүшесі бола алмайды, — делінген.

Сайлау қорына бөлінетін ақшаны аударатын банкті Орталық сайлау комиссиясы айқындайтын норма да ұсынылып отыр.

— Сайлау қорын құрайтын ақша қаражаты кандидат, партиялық тiзiм тiркелгеннен кейiн тиiстi сайлау комиссиясының жазбаша ақпараты негізінде Орталық сайлау комиссиясы айқындаған банктерде ашылатын арнаулы уақытша шоттарға аударылады, — делінген қаулы заң жобасында.

50-баптың 11-1 тармақшасында сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу тәртібі мен шарттарын бұзу жауаптылық жүктелетіні айтылған.

— Онлайн-платформаларда алдын ала сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу құқығын ұйымдастырушылар мен пайдаланушыларға беруіне байланысты, пікірсайыстарды өткізу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін жауапкершілік белгілеу ұсынылады, — деп жазылған түсіндірмеде.

94-баптағы Мәжілісі депутаттарының сайлауында дауыстарды санау тәртібіне қосымша норма еншізілмек.

— Учаскелік сайлау комиссиялары хаттамаларының негізінде тиісті аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасайды. Оған комиссия төрағасы мен мүшелері қол қояды және дауыс беру күнінен бастап екі күннен аспайтын мерзімде тиісті аумақтық немесе округтік сайлау комиссияларына жіберіледі, — делінген заң жобасында. 

Сонымен қатар, заң жобасында бір адам бір мезгілде Мәжіліс пен Мәслихаттың бірмандаттық округтеріне кандидатурасын ұсына алмайтыны нақтыланған норма бар. 

— Өткен сайлауда Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарға бір үміткер ұсынылды. Бұл кандидат Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауында жеңіске жетсе, сайлаудың бірі өтпей қалуына әкелуі мүмкін, — деп жазады құжат авторлары.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген қауесетке қатысты пікір білдірген еді. 

Соңғы жаңалықтар