Сайлаудың басты мақсаты - сайлаушыларға өз таңдауын жасауына мүмкіндік беру - ОСК мүшесі Л.Сүлеймен

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы мен мәслихат депутаттарының кезекті сайлауын өткізу жөніндегі Мемлекет басшысының Жарлығы шыққалы, аталмыш науқан қалың көпшіліктің жіті назарында. Мұның өзіндік себебі де бар.

Сайлаудың басты мақсаты - сайлаушыларға өз таңдауын жасауына мүмкіндік беру - ОСК мүшесі  Л.Сүлеймен

Осы жолғы сайлауда Парламенттегі халық қалаулыларының қатары екі немесе одан да көп партия өкілдерінен жасақталады деген үміт бар. Яғни мемлекетіміз ашық, жариялы, демократиялық қоғам құру бағытында тағы бір маңызды қадам жасағалы отыр. Оның үстіне бір мезгілде екі сайлау өткізу Тәуелсіз Қазақстанның тәжірибесінде алғаш рет орын алғалы отырған шара. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменнің айтуынша, елдегі сайлау науқаны тиісті заңдарға сай әрі ешқандай қайшылықтарсыз жүріп жатыр.

«Кезектен тыс сайлау өтетіні белгілі болған уақыттан бастап Орталық сайлау комиссиясы өзінің өкілеттігін жүзеге асыра отырып, мәслихат депутаттарының сайлауын тағайындады. Бұл шара да 15 қаңтарға белгіленді. Яғни келесі жылдың 15-ші қаңтарында елде бірден екі сайлау өтеді. Бұл қай жағынан алып қарағанда да мемлекет үшін тиімді шара. Өйткені сайлауды осындай жолмен ұйымдастыру арқылы айтарлықтай қаржы үнемдеуге болады. Әрине жоспарланып отырған екі сайлаудың өзіндік ерекшеліктері, талаптары бар. Айталық, Мәжіліс депутаттарының сайлауына тек елімізде ресми түрде тіркелген саяси партия өкілдері ғана үміткерлерін ұсынуға құқылы болса, мәслихат депутаттығынан үміткерлерді жергілікті, республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсынуымен қатар жекелеген азаматтар да өздерін ұсына алады», - дейді ОСК мүшесі.

Оның айтуынша, осы уақытта елде тіркелген саяси партиялар өздерінің съездерін өткізіп, партиялық тізімдерді бекіткені белгілі. Нәтижесінде осы уақытта Орталық сайлау комиссиясына «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Ауыл» партиясы, «Патриоттар партиясы», «Әділет» партиясы, «Руханият» партиясы, «Ақжол» партиясы өздерінің партиялық тізімдерін ұсынды. Ал мәслихат депутаттарына үміткер болып 5 желтоқсандағы мәлімет бойынша, 1 мың 161 азамат өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, сайлауға түсуге өтініш білдірді. Әзірге сайлау науқаны қалыпты жағдайда өтуде.

Бүгінде ОСК-ға барлығы 12 арыз-шағым келіп түсті. Олардың 11-і «Сайлау туралы» заңға түсініктеме беруді қажет етсе, тағы біреуі Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының басшылығынан келіп түсті. Бұл шағым сайлау комиссияларының құрамында кеңесші дауыс беру құқығына ие комиссия мүшелерін енгізумен байланысты болып отыр. ОСК бұл мәселені өзінің отырысында талқылап, ЖСДП-ның шағымын назарға алды. Нәтижесінде учаскелік сайлау комиссияларының құрамына партиялар атынан ұсынылатын кеңесші дауыс беру құқығы бар азаматтарды ұсыну мерзімі 2011 жылдың 15 желтоқсанына дейін ұзартылды. Осы ретте айта кететін мәселе, елде әрбір сайлау комиссиясының мүшесіне қойылатын талаптар бар. Яғни сайлау комиссиясына мүше болатын адам Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек және ол өзі мүше болғалы отырған сайлау комиссияға қарайтын аймақта тұруы керек. Тағы осы сияқты заңда бірнеше талап бар. Сайлау комиссиясына мүше болатын азаматтардың тиісті талаптарға сәйкестігін тексеру мерзімін ұзаққа созып жібермеу үшін, ұсынылған азаматтарды тексеру мерзімі 5 күнге дейін қысқартылды», - деді Л.Сүлеймен.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда елдегі саяси партия өкілдерінде сайлау комиссиясында кеңесші дауыс құқығы бар мүше болу, сол азаматтың сайлау учаскесіне сайлау өтетін күні ғана келіп, дауыс беру шарасын бақылап, іс сонымен бітеді деген түсінік бар сияқты. Ал шын мәнінде ол өзінің қызметін бүкіл сайлау науқаны бойынша атқаруға міндетті. Ал сайлау науқанында атқарылатын істер өте көп. Соның ең күрделілерінің бірі - сайлаушылардың тізімдерін нақтылау. «Бүгінгідей қыс мезгілінің «қаһарына мініп тұрған» шағында үй-үйді аралап жүру оңай шаруа емес. Ал егер біз кеңесші дауыс беру құқығына ие азаматтарды тек дауыс беру күні ғана сайлау барысын бақылауға мүмкіндік берсек, онда ол азамат сайлау комиссиясының мүшесі емес, байқаушы болып шығады. Тағы бір айта кететін мәселе - атқарушы билік осы уақытта сайлаушылардың тізімдерін жасақтаумен айналысуда. Сайлаушылардың тізімі биылғы жылдың сәуір айында ғана, яғни кезектен тыс Президент сайлауының алдында ғана сүзгіден өткен болатын. Біз алдағы болатын сайлауда өткен сайлауда атқарылған шаралардың да көмегі тиеді деген үміттеміз. Бірақ сайлаушылардың дауыстарын реттеу үздіксіз жүретін жұмыс. Сондықтан бұл мәселе ұдайы біздің назарымызда», - дейді ОСК мүшесі.

Оның мәліметтерінше, осындай кешенді жүргізілген жұмыстарға қарамастан, саяси науқан барысында сайлаушылардың өздерін тізімнен таппай қалуы сияқты түрлі келеңсіз жағдайлар да болып тұрады. Ұйымдастыру жұмыстары барысында осындай олқылықтар болуы мүмкіндігін де жасырмаймыз. Екінші жағынан бұл проблеманы азаматтардың белсенділігінің аздығы деп те түсінуге болады. Яғни, тізімде өзінің болу-болмауы сайлаушының сайлауға деген республиканың азаматы ретіндегі жауапкершілігімен байланысты. Өйткені азаматтар алдын ала өзінің тізімде бар-жоғын тексеріп білетін болса, мұндай кемшілік азая түсер еді. Мысалға, сайлаушы дауыс беруден 30 күн бұрын басқа жерде болатын болса, сол аймақтың әкімдігіне барып өтініш бергені жөн. Сондай-ақ азаматтар сайлауға 15 күн қалған мерзімде өз сайлау учаскесінде дауыс бере алмайтын болса, сайлау комиссиясынан есептен шығару куәлігін алып, барған жерінде өз таңдауын жасай алады. Осы ретте айта кететін мәселе - бүгінгі таңда елде сайлаушыларды тіркеуге байланысты шаралар да айтарлықтай жеңілдетіліп отыр. Сондықтан да осы уақытта Орталық сайлау комиссиясы еліміздің сайлаумен байланысты заңдарын халыққа түсіндіру мақсатында барлық мүмкіндіктерді қарастыруда. «Ендігі кезек сайлаушыларда. Біз олар мүмкіндігінше белсенді болып, еліміздің сайлау заңнамасымен кепілдендірілген мүмкіндіктерді пайдаланып, сайлау науқанына жауапкершілікпен қараса деген ниеттеміз», - дейді Л.Сүлеймен.