Сайлауға дайындық басталғалы 200-ден астам өтініш түскен – ОСК
Асылбек Смағұлов 2022 жылғы 22 қыркүйек пен 18 қараша аралығында ОСК-ға келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, сұрауларын, жауаптарын, ұсыныстары мен хабарламаларын қарау статистикасын баяндады.
«Жалпы саны 203 өтініш түсті: оның ішінде заңды тұлғалардан 45, жеке тұлғалардан – 120, БАҚ-тан – 38 өтініш бар. Өтініштер сипаты бойынша келесідей бөлінді: 111 – заңнаманы түсіндіру және сайлауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі сұрауларға жауаптар, 23 – БАҚ үшін төлем мөлшері, телеарналарда эфир уақытын беру шарттары мен тәртібі, үгіт кезеңінде үгіт материалдарын орналастыру кестелері туралы мәліметтер және 15-і – тұрғылықты жері бойынша сайлау учаскелерінде және аумақтық сайлау комиссияларының құзыретіне кіретін өзге де мәселелер бойынша жеке тұлғалардан келген. Сонымен бірге 29 өтініш – ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысатын сайлаушылар тізімінен дербес деректерді кері қайтарып алу жөнінде болған», - деді Асылбек Смағұлов Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Оған қоса, спикер сайлауға тікелей қатысы жоқ 25 мәселе түскенін хабарлады.
«Барлығы 103 өтінішке жауап берілді, оның 32-сі орындалып жатыр, 8-і назарға алынды. Біз өтініштерге өз құзыреттеріміз бен өкілеттіктеріміз шеңберінде ғана жауап беретінімізді бірнеше рет түсіндіргенімізге қарамастан, ОСК құзыретіне жатпайтын мәселелер жөнінде 60 өтініш келген. Олар басқа мемлекеттік органдарға жіберілді», - деді А. Смағұлов.