SCAT әуе компаниясы Алматыдан Анталияға ұшатын әуе рейстерінің кешіктірілу себебін айтты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - SCAT әуе компаниясының екі чартерлік рейсінің жолаушылары бүгін Алматыдан Анталияға (Түркия) дер кезінде ұшып кете алмады.
Компанияның ресми өкілі Виктория Ульянованың айтуынша, рейстердің кідіруі ұшақтардың Алматы халықаралық әуежайына кеш қонғандығынан орын алған.
«Екі рейстің де уақыты кейінге шегерілді. Ұшақтардың бірі қазір Анталия әуежайына қонып үлгерді. Екінші ұшақ кешкі сағат 21:30-да ұшады. Осыған байланысты, үйде қалуға мүмкіндігі жоқ жолаушылардың барлығы ыстық тамақпен қамтамасыз етілді», - деді В. Ульянова.
Айта кетелік, ұшақтар Алматыдан Анталияға бүгін таңғы сағат 05:50-де ұшып кетулері керек болған екен.