Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«SCAT» авиакомпаниясы батыс әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуге сертификат алды

АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - «SCAT» авиакомпаниясы батыс әуе кемелеріне авиациялық қауіпсіздік жөніндегі Еуропалық агенттіктің (EASA) Part-145 стандарттары бойынша өз алдына техникалық қызмет көрсету құқығына ие болды.

«SCAT» авиакомпаниясы батыс әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуге сертификат алды

Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, EASA сертификаты әуе кемелеріне базалық және желілік техникалық қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл компания батыста өндірілген әуе кемелеріне техникалық қызмет етуге рұқсат беретін сертификаты бар Қазақстандағы екінші компания болып отыр.

Ал азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов қазақстандық авиакомпанияның мұндай сертификатқа ие болуы азаматтық авиация саласы үшін айтулы оқиға екендігін алға тартады. Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму стратегиясының негізгі мақсаты - экономика салаларын әртараптандыру және дамудың шикізатқа бағынышты болуынан шығу арқылы еліміздің тұрақты дамуына қол жеткізу болып табылады. Ұшақтарға техникалық жағынан қызмет көрсету едәуір жоғары технологиялық процесс болып табылады, сондықтан да Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай келетін техникалық қызмет көрсететін орталықтардың пайда болуы отандық авиациялық-техникалық базаның дамуына және кадрлық әлеуетті қалыптастыруға септігін тигізеді.

Анықтама ретінде айта кетсек, 1997 жылы құрылған «SCАТ» авиакомпаниясы  аса ірі қазақстандық әуе компанияларының бірі. Бүгінде бұл компания қазақстандық авиакомпаниялардың ішінде ішкі бағыттарының саны жағынан көшбасшы болып отыр. Оның маршруттық торабы 80-нен астам ішкі және сыртқы бағыттарды қамтиды. 2011 жылы тасымалдаған жолаушылар саны 900 185 адам және бұл көрсеткіш жылына орташа есеппен 20 пайызға ұлғайып келеді.