Щучинск балалар үйінің әкімшілігі мүгедек балалардың қаржысын іс-сапарларға және басқа да шығыстарға жұмсаған

АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ақмола облысындағы Щучинск балалар үйіне жүргізілген тексерудің нәтижесінде осы мекеме әкімшілігінің 2 жыл бойы 20-дан астам мүгедек балалардың есеп-шоттарынан мүгедектіктеріне байланысты берілетін жәрдемақыларды заңсыз алып отырғандары анықталды. Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев айтты.
None
None

Оның сөзіне қарағанда, мүгедек балалардан ұрланған 2 млн. 683 мың теңгеден астам қаражатты мекеме әкімшілігі жанар-жағар май сатып алуға, сондай-ақ іс-сапарларға және басқа да шығыстарға жұмсап отырған. «Бұл ретте мүгедек балалардың ақшаларын жұмсауды қорғаншы және қамқоршы органдары бақылауға алмаған. Прокуратура осы факті бойынша қылмыстық іс қозғады, ол тергелуде», деді ресми өкіл.

Сонымен қатар, Ж. Өмірәлиев Солтүстік Қазақстан облысында Халық банкі филиалының қызметкерлері тарапынан жетімдерге арналған кәсіби лицейде оқитын балалардың есеп-шоттарындағы ақшаларды заңсыз иемдену фактілері анықталғанын жеткізді. «Прокуратураның араласуымен балаларға келтірілген зиян өтелді, банктің кінәлі қызметкерлері жұмыстарынан босатылды, ал материалдар Қаржы полициясы органына жолданды», деді ресми өкіл.

Оның айтуынша, прокуратура органдары жүргізген жалпы тексерулердің қорытындысы бойынша жетім балаларды дер кезінде есепке қоймау, балалар үйінен шыққандарды жұмысқа орналастыруға шаралар қабылдамау, алименттер мен жәрдемақылар төлемдерімен қамтамасыз етпеу тәрізді басқа да заң бұзушылықтар анықталды. «Аталған сала әрдайым прокуратураның тұрақты бақылауында болады», деді ол.

Соңғы жаңалықтар