Секталардан зардап шеккендердің саны 500-ден асып отыр

АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат - Биыл секталардан тікелей зардап шеккендердің саны 500-ден асып отыр.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Үкіметі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс қызметінің мүшесі, ҚР Дін істері агенттігінің сарапшысы, «Деструктивті діни қызметтен зардап шеккендерге көмек көрсету орталықтары қауымдастығы» ЗТБ директоры Юлия Денисенко мәлім етті.

«Біздің қауымдастыққа бүкіл ел аймақтарында орналасқан 14 орталық кіреді. Осы орталықтарға 2011 жылы 2084 адам, 2012 жылы 2621 адам хабарласса, 2013 жылы олардың саны біршама өсті. Бір айда 200-ден астам адам бізден көмек сұрайды. Бірақ олардың барлығы экстремистік ұйымдардан зардап шеккендер деген сөз емес. Адамдар дін жайында білгілері келеді, секталардың заңсыз қызметі туралы хабарлайды. Биыл секталардан тікелей зардап шеккендердің саны 500-ден асып отыр. Әрбір орталықта олармен кәсіби теологтар, дінтанушылар, психологтар, әлеуметтанушылар, заңгерлер жұмыс жасайды», - дейді Ю.Денисенко.

Оның айтуынша, әлгілердің көпшілігі - жастар. Олардың басым бөлігін оңалту өте ауыр тиіп отыр.

«14 және 30 жас аралығындағы жастар экстремистік, деструктивті бағыттағы ұйымдардың ең негізгі нысаны. Себебі олар халықтың ең белсенді мүшелері әрі көп жылдар бойы сол ұйымның мүддесіне қызмет ете алады, өзге адамдарды ұйым қатарына тарту жұмыстарын жүргізе алады. Еуропалық зерттеушілердің мәліметі бойынша, табынушылық-мистикалық, секталық ұйымдардың қызметінен зардап шеккен адамды қайта айықтыруға, қоғамға тартуға 12 жылға дейін уақыт қажет», - деді сарапшы.

Жалпы Қазақстанда 19 табынушылық-мистикалық, экстремистік секта заңсыз деп табылып отыр. Осы тізімдерді негізге ала отырып, орталық қызметкерлері студенттер мен оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Мәселен, 1-6 қараша күндері өткен арнайы акция барысында 500-ден астам адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Соңғы жаңалықтар