Сел қаупі бар: Алматы құтқарушылары таулы аймаққа бармауға шақырды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарына үндеу жасады.
«Қазгидрометтің» 1 шілдедегі дауылды ескертуіне сәйкес, қатты жауын-шашынға байланысты Алматы тауларындағы Кіші Алматы өзені алқабында сел жүру қаупі бар. Сондықтан қалалық ТЖД ауа райы тұрақталғанға дейін Іле Алатауына барудан уақытша бас тартуға шақырды.
Сел қаупі бар аймақта келесі қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет:
* таудағы жағдай туралы ресми ақпараттарды үнемі бақылау;
* сел қаупі төнген немесе сел басталған жағдайда дереу биік жерге көтерілу;
* өзен арналарының, сел жүруі мүмкін сайлардың, көл бөгеттерінің үстінде және төменгі жағында шатыр тікпеу;
* таудың жоғарғы бөлігінде нөсер жауын жауып жатса, өзен арнасынан және қауіпті аймақтан дереу кету керек.
Еске салайық, бұған дейін Алматы полициясы екі дөңгелекті электр көлік иелеріне үндеу жасады.