Сел жүрген үш ауданнан 224,8 мың текше метрден астам тұрмыстық қалдықтар мен лай үйінділері шығарылды - Алматы қалалық ТЖД

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының сел тасқыны өткен үш ауданынан 224,8 мың текше метрден астам тұрмыстық қалдықтар мен лай үйінділері шығарылды. Бұл туралы бүгін Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлімдеді.
None
None

«Алматы қаласының үш ауданындағы сел ағынының салдарын жою жұмыстары толық көлемде жүзеге асуда. Дәлірек, қазіргі таңда Қарағайлы өзенінің арнасын, көшелер мен учаскелерді және тұрғын үйлердің аулаларын тазарту, зақымдалған коммуникацияларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Азаматтық қорғаныс қызметтері тұрғындарды дәрі-дәрмектермен, ыстық ас және ауыз сумен қамтамасыз етіп, оларға медициналық көмектер көрсетіп, түрғын үйлердің аумақтарында санитарлық жағынан тазалау жұмыстарын ұйымдастырды.

Наурызбай ауданындағы Қарағайлы өзенінің ұзындығы 4 шақырымдық арнасында тазалау және өзеннің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілді. Нөмірі 192 және 187-ші орта мектептерде де осы тектес жұмыстар атқарылды. Республикалық жедел-құтқару жасақтары мен Алматы қаласының Құтқару қызметтері жалпы көлемі 100 текше метрден асатын, құлағалы тұрған 70 ағашты кесіп, қала сыртына шығарды. Зақымдалған электр желілерін монтаждау бойынша апаттық-қалпына келтіру жұмыстары атқарылып, желілер толығымен қалпына келтірілді.

Су басқан аймақ пен тұрғын үйлердің аумақтарын залалсыздандыру бойынша қазір онда сегіз бригада жұмыс істеп жатыр. Әзірге 663 аула тазартылды. Сонымен қатар, халыққа дәрі-дәрмектер мен алғашқы медициналық көмек көрсету жұмыстары да қолға алынған.

Төтенше жағдай орын алған аймақта Апат медицинасы орталығының медициналық бекеті мен Жедел медициналық көмек көрсету бригадасы кезекшілік етуде. Сауда және тамақтандыру қызметі стационарлық және жылжымалы бес тамақтандыру пунктін ашты.

«Су желісі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны халықты ауыз сумен, ал Алматы қаласы ТЖ департаментінің өрт сөндіру бөлімшелері халықтың тұрмыстық қажеттіліктері үшін техникалық сумен қамтамасыз етіп жатыр.

Төтенше жағдайлар салдарын жою кезеңінде Алматы қаласының Наурызбай, Алатау және Әуезов аудандарынан барлығы 224,8 мың текше метрден астам тұрмыстық қалдықтар, лай және тас үйінділері шығарылды.

«Қазселденқорғау» ММ тарапынан Қарағайлы өзені арнасынан судың өту жағдайына тұрақты мониторинг жүргізілу үстінде, сондай-ақ мамандар мониторинг жасау мақсатымен Іле Алатауының сел қаупі туындауы мүмкін деген биік таулы учаскелерін тікұшақпен аралап қайтты. Ақсай шатқалында морендік көлдердің суын арнайы құбырлар арқылы төмен қарай ағызу жұмыстары одан әрі жалғасуда. Судың көтерілу қаупі жоқ.

Сонымен, ҚР ІІМ ТЖ комитетінің аумақтық бөлімшелері, Республикалық жедел-құтқару жасақтары, Апат медицинасы орталығы, «Қазселденқорғау» ММ, «Қазавиақұтқару» АҚ, ҚР ІІМ Ұлттық ұланы және басқа да қалалық қызметтер тарапынан барлығы 1687 адам мен 361 техника сел салдарын жою жұмыстарына жұмылдырылған.

Соңғы жаңалықтар