Семей әкімдігі мен коммуналдық кәсіпорын 80 млн теңге төлеуге міндеттелді

АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Семей қаласының әкімдігі мен коммуналдық кәсіпорыннан іске аспаған қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту жобасына байланысты әрқайсысынан 40 миллион теңгеден өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Сот үкімі
Фото: Pixabay.com

Аталған жоба 2021 жылы Еуропалық қайта құру және даму банкінің қатысуымен басталған. Сол кезде Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Семей қаласының әкімдігі, «Көпсалалы пайдалану кәсіпорны» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны және ЕҚДБ арасында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға қолдау көрсету туралы келісім жасалған. Осы күні банк коммуналдық кәсіпорын үшін 3,83 млрд теңге көлемінде кредиттік желі ашқан.

Алайда 2022 жылы жоба іс жүзінде тоқтап қалды. Семей қаласы әкімдігі коммуналдық кәсіпорнының міндеттемелерін тоқтату туралы өтінішіне сүйене отырып, ЕҚДБ келісімді бұзып, берешекті мерзімінен бұрын өтеу талабын қойған. Құқықтық сүйемелдеу шығындарын қоса алғанда, жалпы қарыз көлемі 120,9 млн теңгеден асты.

Абай облысы құрылғаннан кейін жағдай одан әрі күрделене түскен. Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өз аумағынан тыс орналасқан жобаларды қаржыландыруға құқықтық негізі жоқ екенін мәлімдеп, барлық міндеттемелер жаңа әкімшілік органдарға өткенін көрсеткен. Алайда Абай облысының әкімдігі халықаралық қаржы институты алдындағы қарызды өтеуден бас тартқан.

Нәтижесінде ЕҚДБ-мен әріптестік қатынасты сақтау мақсатында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі берешекті өз қаражаты есебінен жауып, келісімнің өзге қатысушыларына қатысты регрестік талаппен сотқа жүгінген.

Сот отырысында Семей қаласы әкімінің аппаратының өкілі жобаның іске аспағанын, сондай-ақ әкімдік кредиттік шарттың тарапы болып табылмайтынын алға тартып, қаржылық міндеттемелер бойынша жауап бермеуі тиіс екенін мәлімдеген.

Алайда сот бұл уәжбен келіспеген.

– Жобаны қолдау туралы келісім шарттарына сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Семей қаласының әкімдігі және коммуналдық кәсіпорын Еуропалық қайта құру және даму банкі алдында ортақ міндеттемеге ие және бірдей жауапкершілік көтереді. Міндеттемелердің ШҚО әкімдігі тарапынан орындалуына байланысты, онда регрестік талап қою құқығы туындаған, – делінген сот шешімінде.

Нәтижесінде сот Семей қаласының әкімдігі мен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның әрқайсысынан 40 миллион теңгеден, сондай-ақ мемлекеттік бажды бюджет кірісіне өндіру туралы қаулы шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Бұған дейін Семей тұрғынын алдамақ болған алаяқтар бірден үш мемлекеттік орган атын жамылғаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар