Семей өлкетану мұражайында Семей ядролық полигонының қайғылы тарихы туралы көрме ашылды

Сонымен бірге Ұлттық ядролық орталық жұмысы мен ядролық қарусыз әлемді орнықтыру жөнінде Қазақстанның жүргізіп отырған саясаты туралы материалдар ұсынылған.
Жалпы экспозиция алғашқы ядролық бомба сынағының ойдағыдай өткені туралы ТАСС хабарымен ашылған. Мұнда кеңестік бомба жасаушы ғалымдар: академиктер Сахаров, Курчатов, Харитон туралы ақпараттар мен олардың суреттері қойылды. Бұл блокта келушілердің назарына жер астында сынақ жүргізуге арналған ұңғыма макеті де ұсынылды.
Еске сала кетейік, 3 жерде (ауада, ғарышта және су астында) ядролық сынақтарды жүргізуге тыйым салынған Халықаралық шарт күшіне енген соң полигонда жер астындағы жарылыстар ғана жүргізіле бастады. Шартқа 1963 жылы10 қазанда КСРО, АҚШ және Ұлыбритания қол қойған болатын.
Келесі стенд «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалысының құрылуына арналған. Онда әр жылдардағы суреттер қойылған. Соның ішінде «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалысын қолдаған ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қозғалыс көшбасшысы Олжас Сүлейменовпен бірге түскен суреті; қозғалыс әр жылдары ұйымдастырған шаралардың және белгілі белсенділер- Вячеслав Кобрин, Марат Оразалин, Зоя Симбирцева және т.б. суреттері қойылды.
Мемлекет басшысының «Семей ядролық полигонын жабу туралы» 1991 жылғы 29 тамыздағы №409 тарихи Жарлығы көрмеде басты орын алады.
Осы сәттен бастап ядролық қарусыз Қазақстан тарихының жаңа кезеңі басталады. Бұл да көрме стендтерінен көрініс тапты. Осылайша стендтердің бірінде Ұлттық ядролық орталық қызметі назарға ұсынылды.
Екінші стендте Қазақстан ұсынған ядролық қарудан азат әлемнің жаңа моделі көрініс тапты. Бұл, алдымен Елбасымыздың түрлі деңгейдегі кездесулерде сөз сөйлеуі, ядролық қаруға қарсы халықаралық форумдардың өткізілуі. Полковничий аралында өткен шаралардың бірінде Нұрсұлтан Назарбаев 29 тамызды ядролық қару сынақтарына қарсы іс-қимылдың халықаралық күні бастамасын көтерген болатын. Нәтижесінде, сол жылдың 2 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 64 сессиясында тиісті қарар бірауыздан қабылданды.
Мұражай директоры Бекен Теміров хабарлағандай, бүгінде мұражайға жалғастыра салынатын ғимараттың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Экспозициялардың бір бөлігі, сақтау қоры мен 35 мыңға жуық бірегей кітабы бар ғылыми кітапхана сонда көшірілмек. Босаған орын есебінен экспозициялық залдарды кеңейту жоспарланған. Алдымен бұл полигон мен «Алаш» қозғалысына арналған залдарға қатысты болмақ.
Экспозициядан бөлек мұражай фотопланшеттер көрмесін дайындапты. Ол Абай атындағы театр фойесінде ғылыми-практикалық конференцияның өтуі барысында көрсетіледі. Экспозиция тақырыбы полигонда сынақ жүргізуді бастаған сәттен қазіргі күнге дейінгі кезеңді қамтымақ. Фотопланшеттерден басқа көрмеге өзге жәдігерлер де қойылады.
29 тамыздан 3 қыркүйекке дейін облыстық тарихи-өлкетану мұражайы алғаш рет Нагасаки Ұлттық мемориалдық бейбітшілік кешенінің «Хиросима мен Нагасаки туралы естелік» көрмесін қабылдайды. Бейбітшілік кешенін жапон үкіметі атом бомбалауын бастан кешірген адамдарға медициналық көмек көрсету туралы заңға сәйкес құрған. Көрменің басты идеясы - бейбіт әлемге деген ұмтылыс, атом жарылысының тигізетін зиянының орасан екенін көрсету. Мұражайдың бұл залын тамашалағандар ядролық қаруды қолданудағы трагедияның тереңіне үңіліп, салдарынан туындайтын қайғы қасіреттерді түсінеді, осындай зұлматтан қаза тапқандарды мәңгі есте сақтайды.
Көрмеге бомбалау салдары көрсетілген Хиросима мен Нагасаки суреттері қойылған фото-стендтері болатыны хабарланды. Көрмеде атом трагедиясын бастан кешірген адамдар - хибакуся туралы видеолар мен деректі фильмдер көрсетіледі. Трагедияны бастан кешірген адамдардың көбі қиындықтары туралы күнделік жазған. Бұл жазбалар да көрмеге қойылмақ. Көрмеге Нагасаки ядролық бомбалауына куә болған адам келіп, трагедиялық оқиға туралы баяндайды деп күтілуде.
Сонымен қатар, Семей тұрғындары мен қонақтары «Әлемге үндеу хат» жазу бірегей мүмкіндігіне ие болады. Ол Нагасакиге Мемориалдық бейбітшілік кешенінде сақталуға жіберіледі.
Бүгінде көрме Астанадағы Тәуелсіздік сарайына көрсетілуде, ал облыстық-өлкетану мұражайынан Алматыдағы ҚР Орталық мемлекеттік мұражайына көшіріледі, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметінен.