Семей өмір сапасы рейтингінде соңғы орында тұр. Облыс әкімі бұған не дейді

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семейдің экономикалық зерттеулерде соңғы орында тұрғанына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

семей
Фото: ҚазАқпарат

«Экономикалық зерттеулер институының мәліметінше, 2022 жылғы өмір сапасы ұлттық рейтингінде Семей 25 қаланың ішінде 25-орында тұр. Семейді тіпті Сәтпаев, Жезқазған, Жаңаөзен, Риддер сияқты шағын қалалардың өзі басып озған. Неге Семей тұрғындарының әлеуметтік жағдайы осынша төмен?», - деген сұрақ қойды Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасында жүргізуші Ерболат Мұхамеджан.

Әкім бұл сұраққа жауап бере алмайтынын, себебі қай критериймен 25-орында тұрғанын білмейтінін айтты.

«Біз осыған көндік. 25-орын деген жақсы ғой. Одан да төмен бара алмаймыз, сондықтан бірте-бірте тек қана алға жылжимыз. Мен оны қабылдадым. Оларға барып, келіспейтінімді айтсам, мейлі біз 23-орынға барармыз, 20-орынға барармыз. Одан не пайда? Біз жұмысымызды істейік, бір жылдан кейін қай орынға жылжығанымызды көрейік», - деп жауап берді Нұрлан Ұранхаев. 

Айта кетейік, «Jibek Joly» телеарнасы «Уәде» атты жаңа жобаны бастады. Бағдарламада Үкімет мүшелері, облыс пен қала әкімдері, ұлттық компаниялардың жетекшілері қонақ болып, жүргізушінің өткір әрі өзекті сұрақтарына жауап береді.

Жобаның мақсаты — лауазымды тұлғалардың халыққа берген уәдесі мен Президенттің тапсырмаларын орындау аясында жауаптар алу.

Бағдарлама саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайлар мен мәдени-рухани кеңістікті де қамтиды.

Жаңа жобаның алғашқы қонағы — Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев болды. 

Соңғы жаңалықтар