«Семей орманы» аумағында заңсыз кен өндіруден келген шығын 228 млн теңгеден асты

АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында мемлекеттік орман қоры аумағында пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактісі тоқтатылды, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

о
Фото: Kazinform

Абай облысының Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жататын «Семей орманы» МОТР ММ-нің Тау-Дала филиалына қарасты Үлкен-Бөкен орманшылығы аумағында пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактісін анықтады.

— Заңсыз қызметтің салдарынан топырақтың құнарлы қабаты мен жасыл желектер жойылып, орман қорының жерлері бүлінген. Орманшылықтың мәліметіне сәйкес, келтірілген залал мөлшері 228 млн теңгеден асты. Осыған байланысты Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 334-бабы 3-бөлігі 3) тармағы бойынша (жер қойнауын өз бетінше пайдалану) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, — делінген хабарламада.

Облыстық прокуратура жер қойнауын заңсыз пайдалану, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда шаруашылық қызметті жүзеге асыру заңда белгіленген жауаптылыққа, оның ішінде қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді. Экологиялық заңнаманы бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша қадағалау шаралары жалғасатын болады, ал қоршаған ортаға зиян келтірудің әрбір фактісіне келтірілген залалдың толық көлемде өтелуін қамтамасыз ете отырып, қағидатты құқықтық баға беріледі. 

Осыған дейін Кентау қаласының маңында «барит» кенін рұқсатсыз қазған екі жергілікті тұрғын мен шетел азаматы жауапқа тартылғаны белгілі болды.